БҚО ПД басшылығы оқушылар мен студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтады
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы оқушылар мен студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек – Білім күні. Осынау мереке қарсаңында қаладағы №1 жалпы білім беретін мектебіне БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев барып, балаларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Департамент басшысы оқушыларға сәттілік тілей отырып, құқық бұзушылықтарға жол бермей, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
– Оқушылар арасында буллинг деген мәселе бар. Бұл әртүрлі сипатта болады, оның салдары суицидке әкелуі мүмкін. 12-ден 16 жасқа дейінгі балалар буллинг жасаса, оның заңды өкілі әкімшілік жауапқа тартылады, ал 16-дан 18 жасқа дейінгі балалар жасаса, өздері жауапқа тартылады. Мұндай әрекеттерге жол бермеңіздер. Үлкендер кішілерді қорғап жүріңіздер. Мектеп әкімшілігінен осы мәселені бақылауға алуды сұраймын. Түрлі интернет желілері арқылы кәмелетке толмағандарды есірткіні таратуға шақыратын хабарландырулар көбеюде, ата-аналар балаларыңыздың әлеуметтік желідегі іс-әрекеттеріне үнемі бақылау жасап отыруыңызды сұраймын. Себебі мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап көзделген, сот практикасы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір біз “Орал – есірткісіз қала” деп аталатын жаңа жоба бойынша жұмысты бастадық. Бұл жұмысқа барлық мүдделі ұйым жұмылдырдық. Құмар ойындарға, әсіресе жоғары сынып оқушылары әуес болмаңыздар. Бүгінгі бір жиналыста барлық мәселені айту мүмкін емес. Сондықтан ата-аналардан және мектеп ұжымынан мұндай жағдайларды байқасаңыз, арнайы жедел желіге, бізге хабарласуыңызды сұраймын. Бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді ПД бастығы.
Сондай-ақ ол өз сөзінде скутерлерді басқару бойынша заңның күшіне енгенін айтып, осы көлік түрін қолдануда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде ескертті.
Сонымен қатар Білім күнінде полиция департаменті басшылығы тарапынан департамент бастығының орынбасары Нұрмахан Жалғасов Жоғары аграрлы-техникалық колледж студенттерімен кездесті. Ол сөз арасында жастарға өздерін және мүлкін маусымдық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардан қорғау туралы айтты, сондай-ақ тәртіп сақшылары тарапынан жүргізіліп жатқан түрлі шаралар мен полиция жұмысының сервистік моделі қызметтері жөнінде ақпарат беріп, кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізді.
Жалпы, балалардың қауіпсіздігі әрқашан басты назарда және оқу жылының басталуына орай жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалардың қауіпсіздігі бағытында шаралар қабылданып жатыр. Осыған сәйкес полиция қызметі күшейтілген кестеге көшіріліп, 1 қыркүйек – Білім күні барлық оқу ұйымында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 539 қызметкер және 120 автокөлік жұмылдырылды. Жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап, күнделікті мектеп алдындағы жол өткелдерінде балалар травматизмінің алдын алу мақсатында таңертең, түскі және кешкі уақытта ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары қызмет атқаратын болады.