БҚО Полиция департаментінің «Адалдық алаңында» дөңгелек үстел өтті
БҚО Полиция департаментінің «Адалдық алаңында» дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО Полиция департаментінің «Адалдық алаңы» алаңында адам құқығын қорғау ұйымдарының, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы басшылығының, сондай-ақ «Ақжайық – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Өңіріміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты бұл іс-шараға онлайн режимінде аудандық полиция бөліністерінің басшылығы қосылды.
Аталған жиын кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі талқыланды. Өзіміз көріп-біліп отырғандай, отбасындағы зорлық-зомбылық – бұл қазіргі уақыттағы өзекті мәселе болып отыр. Осы проблемамен құқық қорғау органдары ғана емес, күллі қоғам айналысу керек.
Отбасы – ол біріншіден, қоғамдағы негізгі әлеуметтік институттың бірі, ол – адам өмірінің мәні. Қазір көптеген отбасы дағдарыс кезеңін бастан кешіруде.
Сондықтан Мемлекет Басшысының тапсырмасымен барлық өңірде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөліністер ашылды. БҚО департаментінде де осындай бөлініс құрылып, тиісті жұмысын атқаруда. Алайда бұл проблеманы полицияның ғана күшімен шешу мүмкін емес. Сол себепті де бүгін жұртшылықтың пікірін білу, олардың ұсыныстарын тыңдау үшін осы іс-шараны өткізді.
Соңғы күндері орын алған жағдайларға тоқталсақ, зорлық-зомбылық көрсету оқиғасы тұрмысы нашар отбасында ғана емес, тұрмысы «күйлі» отбасында да болып отыр. Статистикаға сүйенсек, отбасы-тұрмысы саласындағы қылмыс саны 40 пайызға, яғни 10-нан 6-ға дейін төмендеген. Бірақ бұл біздің өңірімізде тұрмыстық саладағы жағдай жақсарды дегенді білдірмейді. Бұған күн сайын келіп түсіп жатқан шағымдар дәлел бола алады. 2021 жыл басынан бері отбасы-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылық туралы 1 257 шағым келіп түсіп, олардың барлығы бойынша процессуалдық шешімдер қабылданды, оның ішінде 384 құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша жауапқа тартылып, 843-іне қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 136 адамға қатысты ерекше талаптар белгіленді.
Биыл осы мақсатта «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, нәтижесінде 271 адам анықталып, есепке қойылды, олармен профилактикалық бағытта түсіндіру жұмысы жүргізілді. 468 дәрістер мен тренингтер өткізілді.
Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда және бұл мәселе ерекше бақылауға алынды.