Дуаны жою сылтауымен әйел тұрғынның 400 мың теңгесін иемденді
Ақтөбеде «дуаны жойып беремін» деп, көріпкел әйел тұрғынның 400 мың теңгесін иемденді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 желтоқсанда Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бірқатар алаяқтық жасағаны үшін 35 жастағы әйелді ұстады.
Ағымдағы жылдың 30 қарашасында күдікті жәбірленуші жұмыс істейтін қаланың сұлулық салондарының біріне келіп, өзін жарнамалап, болжай алатындығын және дуаны жою керектігін айтқан.Бөтеннің мүлкін иелену үшін балгер әр түрлі айла-әрекеттер жасаған. 40 жастағы жергілікті тұрғынды алдап, үйіне салынған дуа бар екендігін айтқан. «Көріпкел» барлық қиындықтарды жою үшін белгілі бір рәсімді орындау керектігін, ол үшін ақша қажет деп сендірген. Сенгіш жәбірленуші дуа туралы әңгімеге алданып, күдіктіге қызметі үшін 400 мың теңгеден аса ақша берген.
Қылмыс құрбаны алданғанын сезіп, полицияға қызметіне жүгінген.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті оның бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығына тексеру жүргізуде.
Осыған байланысты, азаматтардан бейтаныс күдікті адамдармен әңгімелесуден сақ болуды, қырағы болуды және алаяқтардың айла-амалдарына түспеуді сұраймыз. Жеке жинақ ақшаңызды бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмаңыз.