Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екі майор мен капитан: Солтүстік Қазақстан облысының полициясында ағайынды үш жігіт қызмет етуде

Солтүстік Қазақстан облысының полициясында ағайынды үш жігіт қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір отбасынан ағайынды үш жігіт Солтүстік Қазақстан облысының полициясында қызмет етуде. Үлкені мен кішісі – қылмыстық іздестіруде жедел уәкілдері, ортаншысы – жедел кезекші. Ағайынды Мұратбек, Бірімжан мен Асылбек Аяғановтар мамандықты қалай таңдағанын және оның күрделі қызметтегі көмегі жайлы әңгімеледі.

Үш ағайындының екеуі Есіл ауданының полиция бөлімінде, ал кішісі – облыстық Полиция департаментінде қызмет етуде.

Үлкені – Мұратбек. Полиция майоры бүгінгі таңда аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесін басқаруда. Ортаншысы Бірімжан да майор шенінде, бұрын ауылдық жерде учаскелік полиция инспекторы болса, бүгінгі таңда кезекші бөлімнің аға кезекші инспекторы лауазымын атқаруда. Кішісі Асылбек – полиция капитаны, Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы – 30 жаста. Мүліктік қылмыстарды ашу бағыты бойынша қызмет етуде. Биылғы жылы ол өңірдің “Үздік жедел уәкілі” деп танылды.

Мұратбек пен Бірімжан да аудандық полиция бөліміндегі білікті мамандардың қатарында. Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбековтің айтуынша, Аяғановтар тек жақсы жағынан, тәртіпті және өз ісінің шеберлері ретінде сипатталады. Бір ерекшелігі Мұратбектің де, Бірімжанның да жұбайлары да осы полиция бөлімінде қызмет етеді. Бірімжанның жары – Бақытжан Аяғанова мен Мұратбектің жары – Наталья Передерей екеуі де көші-қон қызметі тобында қызмет етеді.

Аяғановтар отбасы осы аудандағы Бірлік ауылының тумасы. Әкесі – Ғалымжан Маратұлы өмір бойы кеңшарда жүргізуші болып еңбек еткен, анасы – Күлжиан Сұлтанғазықызы үй шаруасын дөңгелеткен. Олардың отбасында: екі қыз бен үш ұл бар. Қыздары медицина саласында еңбек есте, ал ұлдары үлкен баласы Мұратбектің салған ізімен полицияда қызмет етуде.

Ағайынды Аяғановтардың анасы Күлжиан Сұлтанғазықызы отағасы екеуі балалардың бойына жеке шешім қабылдауды және үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды қасиеттерді сіңіруге тырыстық деп ой бөлісті. Анасының айтуынша, болашақ офицерлердің қалыптасуына мектептегі мұғалімдердің берген білімі де зор рөл атқарған.

Бүгінгі таңда ағайынды үш жігіттің өз отбасы, бала-шағасы бар. Ағалы-інілілердің жұмыстан қолдары тие бермейтіндіктен, отбасының толық басы қосыла бермейді. Бірақ дәл осындай сәттерде олардың әрқайсысы адамдардың, туған елдің игілігі жолында абыроймен қызмет етуді жалғастыру үшін оптимизм, жылылық, сүйіспеншілік және күш-қуатпен нәрленіп, бойларына сіңіруде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру