Екібастұзда патрульдік полицейлер арнайы дайындықтан өтті
Екібастұзда патрульдік полицейлер арнайы дайындықтан өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласының патрульдік полиция қызметкерлері жеке қауіпсіздік бойынша қарқынды арнайы дайындықтан өтті. Оқу-жаттығуды департаменттің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері жүргізіп, басты назарды полицейлердің күнделікті қызмет барысында кездесетін нақты жағдайларға аударды.
Жаттығудың негізгі бөлігі құқық бұзушыларды ұстау тәсілдерін жетілдіруге арналды. Патрульдік полиция қызметкерлері қауіп-қатерді тез әрі айналадағы адамдарға зиян келтірмей залалсыздандыруға мүмкіндік беретін жекпе-жек және күрес әдістерін пысықтады. Әрбір қимыл — дұрыс ұстаудан бастап, құқық бұзушыны бекітуге дейін — автоматты деңгейге жеткізілді.
Физикалық дайындықтан бөлек, нұсқаушылар психологиялық төзімділікке де ерекше мән берді. Полицей тек әдіс-тәсілдерді меңгеріп қана қоймай, күйзеліс жағдайында жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай алуы тиіс.
– Жоғары физикалық дайындық пен шапшаң реакция – біздің қызметіміздің тиімділігінің негізі. Қызметкер тәулік бойы кез келген жағдайға дайын болуы керек, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД арнайы және кәсіби даярлық басқармасының аға инспекторы Асылхан Төлеубаев.
Мұндай жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ведомствоның айтуынша, өзін-өзі қорғау және ұстау тактикасын үнемі жетілдіру – патрульдік полиция қызметкерінің ең күрделі жағдайда да азаматтарды әрі өзін қорғай алуына кепіл болады.
