Ел намысы мен қызмет абыройын қатар арқалаған полицей
Полиция қызметкері Нұрболат Ыстыбаев – спорт пен қызметті қатар алып жүрген жан-жақты тұлға. Қазақ күресі, белбеу күресі және самбодан халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген ол бүгінде Атырау облысы полиция департаментінде абыройлы қызмет атқарады. Әлемдік және құрлықтық жарыстардағы жеңістерімен танылған тәртіп сақшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында да кәсібилігі мен жауапкершілігін дәлелдеп келеді. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Нұрболат Ыстыбаевтың жетістіктері бүгінде Атырау облысы полиция департаментінің мақтанышына айналды. Ол – белбеу күресі мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ самбодан спорт шебері. Көптеген беделді жарыстарда топ жарып, әлем чемпионаттарының алты дүркін жүлдегері атанған Нұрболат қазақ күресінен Еуропа чемпионы, самбодан Азия чемпионы ретінде ел абыройын асқақтатып, халықаралық додаларда Қазақстанның көк Туын талай мәрте желбіретті.

Қазіргі уақытта Нұрболат Ыстыбаев Атырау облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында аға инспектор қызметін атқарады. Ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі. Ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2015 жылы бастаған тәртіп сақшысы Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Бүгінде ол қызмет пен спортты қатар алып жүрген білікті маман ретінде көпшілікке танылып отыр.

Спорттағы жоғары жетістіктеріне қарамастан, оның басты мұраты – халыққа адал қызмет ету. Мұны қызмет барысында көрсеткен нақты істері айқын дәлелдейді. Биылғы жылдың 12 сәуірінде Мақат ауданынан іссапардан қайтып келе жатқанда әріптесі, полиция капитаны Асылжан Мұстафинмен бірге Атырау - Құлсары тасжолының бойында жол жиегіне шығып кеткен Shacman жүк көлігін байқайды. Оқиға орнына дереу тоқтаған полицейлер жүргізушінің ес-түссіз жатқанын анықтап, уақыт оздырмай алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырады. Кейін 43 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында азаматқа дер кезінде көмек көрсетіліп, оның өміріне төнген қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Қызметтің қарбалас ырғағына қарамастан, Нұрболат Ыстыбаев бос уақытын тиімді пайдаланып, бауырларымен бірге жасөспірімдер мен жастарды күрес өнеріне баулиды. Ол жастардың бойына тәртіп, табандылық және жауапкершілік қасиеттерін сіңіріп, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосып келеді. Нұрболат өзінің спорттағы жетістіктерінің бастауында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Марат Абдуалиевтің тәлімі тұрғанын әрдайым мақтанышпен атап өтеді.

Жеке өмірінде Нұрболат Ыстыбаев – сүйікті жарының сенімді серігі әрі бес қыздың ардақты әкесі. Ол отбасылық құндылықтарды жоғары бағалап, қыздарының бойына еңбекқорлық, жауапкершілік және адамгершілік қасиеттерді дарытуға ерекше мән береді.
Спортта ел намысын абыроймен қорғап, қызметте азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Нұрболат Ыстыбаевтың өмір жолы – қайсарлықтың, кәсібиліктің, патриотизмнің және елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
