Елдің тыныштығына үлес қосып жүрген ару
Құқық қорғау органдарында нәзік жанды бола тұра халыққа қызмет етіп, елінің тыныштығына үлес қосып жүрген Ақжұлдыз Кенжебайқызы мекемелерде індеттің таралуын болдырмау мақсатында кешенді профилактика жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақжұлдыз Кенжебайқызы Сыр елі Қызылорда қаласында 1987 жылы дүниеге келген. 2003 жылы Астана қаласының Мемлекеттік медициналық академиясына медико-профилактикалық іс мамандығын меңгеріп, 2011 жылы наурызда алғашқы еңбек жылдарын ақ халатты әскери қыз Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің ЕЦ-166/10 мекемесінде Медициналық бөлімінің санитарлық дәрігер маманынан бастаған еді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының аға маманы санитарлық дәрігер лауазымында қызмет етеді.
ҚАЖ медицина саласының алатын рөлі орасан зор, атап айтсақ департаментке қарасты мекемелерде ұсталатын сотталғандар мен тергеу-қамаудағылардың денсаулық жағдайына, тұрмыстық жағдайларына, азық-түлік сапасы мен толыққанды тамақтануына қойылатын санитарлық эпидемиологиялық талаптардың сақталуына дербес жауап береді.
Қазіргі таңда маңызды мәселенің бірі – COVID-19 жұқпалы індетінің елімізде кеңінен таралуы. Осыған орай, департаментте және оған қарасты мекемелерде індеттің таралуын болдырмау мақсатында кешенді профилактика жүргізіледі.
Департамент басшысы Ернат Кенжеханұлының Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік органдарымен оң саяси қарым-қатынасты орнатуының арқасында 6 мамырда жеке бас қорғану заттарын және дезинфекциялық заттардың тоғыз мың тоннасын және қол антисептигінің 100 литрін қосалқы көмек ретінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен ұсынылды. Ақжұлдыздың ат салысуымен департаменттің және оған қарасты мекемелердің барлық қызметкері экспресс тестілеуден, одан бөлек ПТР диагностикалау арқылы 100-ге жуық қызметкер тексеріліп теріс нәтиже алынды. Одан бөлек тергеу изоляторының карантин бөлімінен камераға шығару алдындағы және мекемеден айдауылданатын сотталғандарды ПТР әдісімен дианостикалау жұмыстары қаламыздың Зональды вирусологиялық лабораторясының қолдауымен жолға қойылды. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаменті және мекемелерінің қызметкерлері өзін-өзі қорғау құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Аталған нысандарда дезинфекциялау жұмыстары да Ақжұлдыз Кенжебайқызының тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.
Ел басына күн туып, әлемдік індетпен күресте тынбай еңбек етіп, тұрғындар үйден шықпай сақтану кезеңінде ер мінезді қызметкер керісінше жарғақ құлағы жастыққа тимей күні түні індеттің таралуына жол бермес үшін аянып қалған жоқ. Қызмет барысында кездесетін ауыртпашылықты жеңуде, дұрыс шешім таңдауда Ақжұлдыз отбасы ерекше қолдау көрсетіп отырады. Ол аяулы жар, қамқор ана екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған отағасы Нариман екеуінің отбасының тыныштығы жұмысты нәтижелі атқаруға көмек береді.
Ақ халатты Ақжұлдыз ата-анасының артқан үмітін ақтау балалық борышы деп есептейді. Олардың аман-есен жүруі және қолдауы ол үшін өте маңызды. Құқық қорғау органдарында халыққа қызмет етіп, елінің тыныштығына үлес қосып жүргені үшін ата-анасы қыздарын мақтан тұтады.
Ақжұлдыз Кенжебайқызы таңдаған қызметін абыройлы және адал атқаруға үнемі дайын екендігін дәлелдеп, ел тыныштығы, ұлт денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп келеді.