Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елімізде жыл басынан бері 89 жеткіншек жол апатынан көз жұмған – ІІМ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Бүлдіршіндер мен жеткіншектердің қауіпсіздігі, олардың амандығы қоғам назарында. Ал елімізде ең үлкен құрылым саналатын ІІМ бұл салада қандай қызметтер атқаруда, қандай іс-шараларды жүзеге асыруда, бұл туралы Polisia.kz сайтының тілшісі баяндайды.

ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың алты айында еліміздің жолдарында 6 мыңнан астам ЖКО тіркелген. Өкінішке орай, онда 900-ден астам адам қаза болған, 8 мыңнан астам адам әр түрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен 1 426 жол апаты тіркелген, 89 жеткіншек қаза болып, 1 678 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алған.

ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының 95% жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтамағаннан орын алады. Жүргізушілердің басым көпшілігі автокөлікті белгіленген жылдамдықтан асырып басқарады, жол белгілерін елемейді, маневр жасау ережелерін бұзады, рульге ішімдік ішіп алып отырады, жолаушылар тасымалдағанда салғырттық танытады.

– Мәселен, балалар да жол жүрісіне қатысушы. Олар көбіне жолаушы ретінде ЖКО-дан зардап шегеді. Себебі, жүргізушілер автокөлікте балаларды тасымалдау ережесін сақтамайды. Ата-аналардың немқұрайлылығы тағы бар. Жол жүрісіне қатысушы болғаннан кейін әрқайсымыз жолға шыққанда мұқият болып, бір-бірімізге кедергі келтірмей, қауіп төндірмей қозғалатын болсақ, келеңсіз оқиғалар азаяды деп ойлаймын, – дейді А. Боранова.

Өткен жылдың басынан бастап көлікте балаларға арналған автокресло болмағаны үшін қанша жүргізушіге айыппұл салынды?

– Барлығымызға белгілі, автокөлікте балаларды тасымалдағанда міндетті түрде арнайы ұстап тұру құрылғыларын (автокресло, бустер, адаптер) қолдануымыз керек. Ол заң бізде 2014 жылы қабылданған болатын.

Автокөлікте жолаушыларды және жүктердi тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімішілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 593-бабымен жауапкершілікке тартылады (5 АЕК).

Есепті мерзімде осындай құқық бұзушылыққа жол берген 114 мыңға жуық жүргізушіге шара қолданылды. Мұнда жалпы жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғандармен қоса, балаларды тасымалдау ережелерін бұзғандар да бар. Яғни, ортақ статистика.

Жолаушылары кәмелетке толмаған жасөспірім болатын жүргізушілердің барлығына қойылатын талап бір. Сол үшін такси шақырғанда, егер сіздің балаңыз кішкентай болса, міндетті түрде тасымалдау компаниясынан балаңыздың жасына, дене бітіміне қарай арнайы ұстап тұру құрылғыларының бар болуын талап еткеніңіз абзал, – деді ІІМ қызметкері.

Балалар көлік жолаушысы ретінде де, жаяу жүргінші ретінде де жол апатына түсіп жатады. Мәселен, сандарды сөйлететін болсақ, 735 бала жаяу жүргінші ретінде, ал 588 бала көлік жолаушысы ретінде ЖКО қатысушы болған. 1500-ден астам жеткіншек түрлі дене жарақаттарын алған. Жаяу жүргінші ретінде апатқа ұшыраған жасөспірімдердің 21-і, ал жолаушы ретінде қатысқандардың 54-і қаза болған.

Айтыңызшы, жаз мезгілінде балалардың жол апатынан зардап шегуі көбейе ме?

– Жаз мезгілінде жұртшылықтың басым көпшілігі демалыста болады. Бұл, әрине, өз кезегінде жолдағы авариялық ахуалға әсер етуі мүмкін, бірақ айтарлықтай өзгеріс болмайды. Көп жағдайда ұсақ жол-көлік оқиғасы орын алады. Мәселен, үлкендердің жұмыста болып, балалардың ересектерсіз қалуы. Олар аулада ойнап жүріп, жолға шығып кетуі немесе көліктер ағынына жақын жерлерде ойнауы мүмкін. Аулаларда автокөліктердің көптеп қозғалуынан авариялық жағдайлар туындайтын сәттер көп. Сондықтан таңертең балаларға таңғы ас беруді ұмытпағандай жолдағы қауіпсіздікті күнделікті еске салып отырған жөн.

Полицейлер қандай алдын алу шараларын қабылдауда? Ол шаралардың нәтижесі қандай?

– Мамыр айында республикалық “Абайлаңыз, балалар” акциясын өткізген болатынбыз. Акцияның басты мақсаты – жазғы каникулдың басталуы қарсаңында балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруына байланысты дағдыларды нығайту.

Кәмелетке толмағандардың кінәсінен және қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектептердің жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Білім беру органдарымен бірлесіп, ата-аналар жиналыстарына қатысып, жолдағы қауіпсіздікті еске салу шараларын өткіздік.

Балалардың жолда қауіпсіз жүріп-тұруын насихаттайтын әлеуметтік бейнероликтер шығарып, жаз мезгілінде теледидардан, кинотеатрлардан, ЛЭД экрандардан, әлеуметтік желілерден көрсету жұмыстары ұйымдастырылды.

“Бала құлақпен естігенін емес, көзбен көргенін істейді” деген босқа айтылмаған. Кез келген бала әрбір әрекетін ата-анасынан көшіреді. Сондықтан Ақтоты Боранованың пікірінше, ата-аналар балаларымен жол жүрісі қағидалары туралы сөйлесіп қана қоймай, оларды өздері де орындаса, бала үшін бұл қалыпты жағдайға айналады. Яғни, ересектер жолдағы қауіпсіздік шаралары туралы кеңестерді үнемі еске түсіре отырып, баланың жадында сақталуына себеп болып, қауіпті жағдайлардың алдын алады.

– Мемлекет басшысының Балалар жылы аясында берген тапсырмаларын сапалы орындауға ерекше назар аударамыз. Мүдделі қызметтер мен аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп, жыл бойы бірқатар имидждік, әскери-патриоттық, қайырымдылық және алдын алу іс-шараларын өткізуді ұйымдастырамыз, – деп қорытындылады ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру