Елорда аумағында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде
Халықпен сенімді қарым-қатынас орнату, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында 8 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткізіліп жатқан іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің бекітілген әкімшілік аумағындағы тұрғындармен танысып, азаматтардың арасында болған әртүрлі құқық бұзушылықтарды анықтау үшін тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлерді тексеруде.
Сонымен қатар күн сайын учаскелік инспекторлар тұрғындардың чаттарында профилактикалық ақпараттар орналастырады. Ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған тұлғалар тексеріліп, олармен алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Іс-шара кезінде жалға берілетін пәтерлер, азаматтық қару иелері, базарлар мен өзге сауда жасау орындары, саяжайлар мен шаруа қожалықтары, құрылысы тоқтатылған немесе қараусыз қалған нысандар тексерілуде. Тексеру барысында тіркелмеген қарулар мен тыйым салынған заттарды сақтағандарды анықтау, тұрғылықты мекен-жайлары жоқ жандар, адамдарды заңсыз жұмысқа пайдалану, шетелдік азаматтардың көшіп-қону заңнамасын бұзу фактілері назарда болады.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы бері 1139 аумақ бойынша аралау жұмыстары жүргізілді, оның ішінде жалға берілетін 357 пәтер, 52 қараусыз қалған үй, 164 саяжай, 242 қару иелері және ішкі істер органдарының есебінде тұрған 324 азамат тексерілді.
Полиция қызметкерлері бір тәуліктің ішінде 583 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.