Елорда тұрғындарынан есірткі тәркіленді
Елордада полицейлер қалтасынан «альфа PVP» есірткі заты табылған азаматтарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтардан бастап елорда аумағында қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» атты республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Патрульдік полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында бір күнде екі елордалықты ұстады. Түнгі уақытта Сарыарқа даңғылының бойында 23 жастағы қыз ұсталды. Ал күндізгі уақытта Республика даңғылының бойында 44 жастағы ер адам ұсталды. Жеке тексеру кезінде ұсталған азаматтардың қалтасынан синтетикалық «альфа PVP» есірткі заты табылды. Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері елорда аумағында 200-ден астам қылмыс тіркелді, оның 162-сі ашылған. Бұрын жасалған 138 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 24 қылмыскер ұсталды. Хабар ошарсыз кеткен жеті азаматтың мекенжайы анықталды. Есірткі заттарын заңсыз алып жүргені және сақтағаны үшін 20-дан астам адам құрықталды.
Аталған рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде полиция қызметкерлері жеті мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның 922-сі ұсақ бұзақылық фактісі және 1,5 мыңнан астамы алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу фактілері. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 91 жүргізуші ұсталды.