Елорда тұрғыны бір түнде үш көліктің айнасын ұрлап кетті
Елорда тұрғыны бір түнде үш көліктің айнасын ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреу Сәтпаев көшесіндегі үйдің ауласында Renault Duster автокөлігінің бүйір айнасын ұрлап, 60 мың теңге материалдық шығын келтіргені туралы арызданған.
Астана қаласы ПД Алматы аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктіні ұстады. Ол 37 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Полицейлер қаскүнемнің сол түні елордада жасаған Toyota Estima және BMW Х5 көліктерінің айналарын ұрлаудың тағы екі фактісіне қатысы бар екенін анықтады. Ол ұрланған мүлікті сатуды көздеген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Оның астана аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
– Астана полицейлері ұрланған мүлікті сатып алушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдауда. Автокөліктен жасалынатын ұрлықтың алдын алуға және оны ашуға ерекше назар аударылуда, – дейді Астана қаласы ПД бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетов.
Астана қаласының Полиция департаменті автокөлік иелеріне көліктерін бейнебақылау камералары бақыланатын орындарға немесе күзетілетін тұрақтарға қоюға кеңес береді.