Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада жасөспірімді соққыға жығып, телефонын тартып алған ер адам ұсталды

Елордада жасөспірімді соққыға жығып, телефонын тартып алған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияға қала тұрғыны хабарласып, түскі уақытта белгісіз біреу күш қолданып, 14 жастағы ұлының телефонын тартып алғанын айтып арызданған. Келтірілген шығын көлемі 80 мың теңгені құрады.

Тергеу барысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің сағат 13.30-да Ш.Уәлиханов көшесіндегі аялдамада автобус күтіп тұрғаны анықталды. Осы кезде оның жанына белгісіз ер адам жақындап келіп, қолындағы телефонды көріп, досына қоңырау шалып алуды сұрайды. Ер адам ұялы телефонды алып, сөйлесіп жүріп, бірте-бірте жеке секторға қарай кетіп қалған. Жасөспірімнің бейтаныс адамның телефонды беруін күтіп, соңынан ергеннен басқа амалы қалмайды. Бірақ қаскүнем Күлтегін көшесіндегі қараусыз қалған екі қабатты үйге қарай бұрылып кеткен. Сол жерде ол баланың бетінен бірнеше рет жұдырықпен ұрып, телефонды алып қашып кеткен.

Байқоңыр ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бұрын бірнеше рет сотталған 36 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ұсталған азамат кінәсін мойындады.

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұсталған ер адамның қала аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті Уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру