Елордада полиция кальян шегу фактілерін анықтады
Елордада полиция кальян шегу фактілерін анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полицейлер Қазақстан Республикасының темекі өнімдері мен кальян қоспаларын белгіленбеген орындарда тұтынуға тыйым салу туралы заңнамасының бұзылуын анықтауды жалғастыруда.
Жыл басынан бері темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальян темекісін, кальян қоспаларын, темекіні қыздыру жүйелерін тұтынуға тыйым салу туралы 3 мыңнан аса құқық бұзушылық тіркелді.
Соңғы тәулікте жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Есіл ауданының полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы 1-бөлігі бойынша құқық бұзушылық анықтады. Сондай-ақ мекеме темекі өнімдерін шегуге тыйым салынған орындарда қызмет көрсеткені үшін 441-баптың 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Елімізде қоғамдық орындарда, дәмханаларда, мейрамханаларда, клубтарда, демалыс орындарында және көшелерде кальян шегуге толық тыйым салынған. 2020 жылдан бастап елімізде “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегуге толық тыйым салынған. Бұл шара халықтың денсаулығын қорғау және никотинге тәуелділікті азайту мақсатында қабылданған.
Полиция азаматтарды қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық орындарда тыйым салынған заттарды тұтынбауға шақырады. Мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
