Елордада полиция кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтті
Жаңа оқу жылы қарсаңында елордалық полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
15-20 тамыз аралығында елорда аумағында "Назар аударыңыз – балалар!" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балаларға қатысты қылмыстарға жол бермеу, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен мінез-құлқына кері әсер етуі мүмкін факторларды анықтау.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдер көп жиналатын орындарды, қоғамдық кеңістіктер мен демалыс орындарын тексеруде. Сонымен қатар кешкі және түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтап, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну және өзге де құқық бұзушылықтардың жолын кесуде.
Мәселен, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған қыздың Garage алкогольдік сусынын тұтыну фактісін анықтап, жолын кесті. Осыған байланысты оның заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған қызбен қажетті профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мұндай жағдайлар жай ғана әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралмайды. Бұл – ата-аналар мен заңды өкілдер үшін балаға бақылауды күшейту қажеттігін көрсететін маңызды белгі. Ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы жасөспірімнің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, анағұрлым ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Полиция кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз үйден тыс жерде жүруіне ерекше назар аударады. Баланың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігі мен тиісті бақылауынан басталады.
Елордалық полиция кәмелетке толмағандарға қатысты және олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу, сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамайтын тұлғаларды заңнамада белгіленген жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
