Елордада ұландықтар қыз баланың өмірін сақтап қалды
14 мамыр күні кешкі сағат 20:00 шамасында Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің қызметкерлері патрульдік қызмет атқару кезінде жас қызды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жас қыз Сарайшық көшесіндегі көпірден секіруге тырысқан. Бұл туралы ақпарат радиостанция арқылы әскери жасақ бастығы, қатардағы жауынгер Нұржан Темірбаевқа берілген. Ол патрульші – ефрейтор Жүсіп Мұрат пен қатардағы жауынгер Шыңғыс Жуанышевті ертіп көрсетілген мекенжайға жедел жеткен.
– Көпірден секіруге тырысқан қызды көргенде, біз оған бірден ұмтылдық. Осы уақытта ол көпір қоршауының артында тұрып, “Мен өмір сүргім келмейді” деді. Сондай-ақ төменге қарай секіретінін айтып қорқытты, – деді оқиғаны жайлы баяндаған қатардағы жауынгер Нұржан Темірбаев.
Әскери қызметшілер осы сәтте қызды әңгімеге тартып, асығыс әрекеттерден бас тартуға шақырған. Оқиға орнына жақын маңдағы адамдар да оны райынан қайтаруға тырысты.
Орайы келген сәтте ұландық сарбаздар мен көпірге келген полиция қызметкерлері қызды қоршаудан алып шықты. Содан кейін оны сабырға шақырып, тыныштандырды. Полиция қызметкерлері қыздың мәселесін зерделеу үшін Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізді.
Құқықтық тәртіп сақшыларының үйлесімді әрекеттерінің арқасында адам өмірі құтқарылды.