Елордада Ұлттық ұлан сарбаздары жол апатынан зардап шеккендерге көмек көрсетті
Нұр-Сұлтанда Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жол-көлік оқиғасының куәгері болып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 5 тамыз күні сағат 22:30 шамасында орын алған. Сарыарқа ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде әскери жасақ сақшылары құрамында әскери жасақ бастығы Талғат Қали, қатардағы жауынгерлер Нұршат Мәсімжан мен Ербол Қошанов Бейбітшілік және Жангелдин көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасының куәсі болады.
Тәртіп сақшылары оқиғаны дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарлап, апаттан зардап шеккендерге тез арада көмек көрсете бастайды.
Сарбаздар зардап шеккен Lada Granta көлігінің жүргізушісіне жедел жәрдем келгенге дейін қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Eлорда тұрғыны Нұрқанат Сапарбеков апат кезінде зардап шеккендердің қасында болған Ұлттық ұлан сарбаздарына aлғысын білдіріп, қызметте табыс тіледі.
– Біз тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті ғана қамтамасыз етпейміз. Өрт шыққан жағдайда немесе басқа да оқыс оқиғалар кезінде халыққа көмек қолын созуға тырысамыз. Осы жолы жол-көлік апаты орын алды. Апатқа түскен азаматтарға көмектестік, – дейді қатардағы жауынгер Талғат Қали.
Айта кету керек, ұландықтардың жедел қимылдары мен дер кезіндегі көмегінің арқасында адам өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ.