Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордалық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мәселелері бойынша меморандумға қол қойды

Елордалық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мәселелері бойынша меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы ПД-ның жергілікті полиция қызметі басқармасы “TÖRE TEAM” әлеуметтік спорт клубымен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

– Біз бірлескен күш-жігер арқылы ғана қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түрін қабылдамау мәдениетін орнықтыра отырып, бұл әлеуметтік құбылысты жоя аламыз. Меморандумға қол қою арқылы біз бірлескен жұмыстың негізін қалаймыз және жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз!, – деді Астана қаласы ПД ЖПҚБ бастығы Арман Айтмағамбетов.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар, сондай-ақ, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар мен қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер кешенді қызметтерді тегін ала алады. Келушілерге психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, өзін-өзі қорғау әдістері мен жекпе-жек өнерін үйретеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер органдары құқық бұзушылықтарға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Өткен жылы Президенттің тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі үшін жауапкершілік күшейтілді.

Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірді. Әрбір факт бойынша әкімшілік іс қозғалады. Соңғы құқықтық бағалауды сот береді. Бұл ретте құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары тұрақты негізде зорлық-зомбылық оқиғаларының жолын кесуге және алдын-алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ азаматтар арасында және ұйымдардың қызметкерлері мен студенттер арасында ақпараттық-ағартушылық, құқықтық түсіндіру және ағарту жұмыстарын жүргізеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында осы қаңтар айы бойынша тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін сотта 717 әкімшілік іс қаралды.
Отбасылық жанжалқойларға қатысты 946 қорғау ұйғарымы шығарылып, соттың шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына 76 ерекше талап қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру