Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ЕҚЫҰ мен ІІМ “Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар” I Халықаралық форумын өткізді

Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі мен ҚР ІІМ басшылығының ұйымдастыруымен “Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар” I Халықаралық форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Форумға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің Басшысы Елші Дьердь Сабо, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бизнестің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Аргентина және Франциядан келген сарапшылар қатысты.

– Біз қоғамды реформалар процесіне барынша тартуға, полициямен және басқа да мемлекеттік органдармен тұрақты диалог орнатуға, сондай-ақ халыққа өз қауіпсіздігі үшін неғұрлым жауапты болуға көмектесуге тырысамыз, – деп атап өтті елші Дьердь Сабо.

Форумда ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің Қарағанды облысында іске асырған қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдемелер бойынша пилоттық жобаның нәтижелері таныстырылды. Пилоттық жоба негізінде белгілі бір аумақтың проблемаларын жергілікті аумақта шешу үшін ведомствоаралық топ құрылды. Оған мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері кірді.

– Мемлекет басшысы полицияны сервистік модельге көшіруді жандандыруды тапсырды. Бүгінгі алаң полиция қызметін дамытудың жаңа трендтерін талқылауға, озық тәжірибемен бөлісуге, құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді әдістерін табуға мүмкіндік береді. Жұмыстағы жаңа тәсілдің арқасында біз нәтижелерді көріп отырмыз: полиция халықпен тығыз жұмыс істейтін жерде қылмысқа қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады, – деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Қазақстанның ІІМ өкілдері жүргізіліп жатқан полицияны жаңғырту нәтижелері туралы айтып, келешекке арналған перспективаларды белгіледі.

Сервистік бағдарланған полиция құру реформаның маңызды міндеттерінің бірі екені атап өтілді. Бүгінгі таңда құқық қорғау қызметтері сапасының басты критерийі халықтың сенімі мен өз құқықтарын қорғауға жүгінген азаматтардың қанағаттану деңгейі болып табылады.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілері “жұртқа жақын полиция” қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, “икемді” патрульдеу әдісі енгізіледі, учаскелік патрульдердің жұмысын цифрландыру жүргізіледі.

Өз кезегінде, Қазақстанның IT-қауымдастығы форумда елдегі қауіпсіздік жағдайын жақсарту және құқық бұзушылықтардың алдын алуда бейнекамераларды пайдалану үшін процестерді цифрландыру мүмкіндіктерін таныстырды.

Шетелдік сарапшылар өз елдерінің азаматтардың өмір сүруі үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау және халықпен диалог орнату тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ форумда Ақмола облысындағы Родина ауылы үлгісінде қауіпсіз қоғамдастық құрудағы бизнестің оң жетістіктері айтылды.
Форум тақырыбын талқылауға Қазақстанның азаматтық белсенділері мен қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Олар ішкі істер органдарын реформалау процесіне халықты көбірек тартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Қазақстан ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев атап өткендей, олардың барлығы мұқият зерделенетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру