Ер адам досының үйінен теледидарды ұрлап, сатып жіберген
Түркістан облысының полицейлері досының теледидарын жымқырған тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Әйелдің айтуынша, төркініне қыдырып кетіп, 20 күннен келгенінде үйіндегі 100 мыңнан астам теңге тұратын теледидары жоқ болады. Содан бірден полицейлердің көмегіне жүгінеді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.
Ұрлық қылмысын ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде Төлеби АПБ-нің қызметкерлері күдікті ретінде Леңгір қаласының тұрғынын құрықтады. Ол арызданушының күйеуінің досы болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші үйінде жоқ кезде, күйеуінің досы келеді. Содан екі дос ішімдік ішеді. Таңертең үй иесі жұмысқа кетеді. Ұйқыдан тұрған досы үйде ешкім жоқтығын пайдаланып, теледидарды алып кетеді. Күдікті досының үйінен ұрлаған теледидарын 20 мың теңгеге сатып жібереді. Полиция қызметкерлері ер адамның бұрын сотты болғанын анықтады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адамның бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.