Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ер адамдар көршісінің үйіне ұрлыққа түскен

Түркістан облысының полицейлері көршілерінің үйіне ұрлыққа түскен ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби АПБ-не Леңгір қаласының тұрғындары, екі әйел арызданады. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, оның сарайына белгісіз адамдар кіріп қазан, ыдыс-аяқ, құрал-саймандарын жымқырып кеткен. Ал, келесі арызданушы болса, өзінің газ плита, газ баллон, құрылысқа қажетті құралдары ұрланғанын жеткізген. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгеге жуықтады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеп, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша енгізді.

Екі көрші әйелдің ауласына заңсыз кіріп, қолына ілінгенді ұрлаған ұрыны ұстау мақсатында аудандық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер куәгерлерден жауап алып, жақын аумақтарды түгел қарап шықты. Қажетті шараларды іске асырды. Соның нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жәбірленушілермен бір көшеде тұратын бұрын сотты болған ер адам болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, жеңіл жолмен ақша табуды көздеген күдікті түнгі уақытта ешкімнің жоқтығын пайдаланып, өзінің арам ойын іске асырған. Ұрланған заттың бір бөлігін сатып жіберген. Тәртіп сақшылары күдіктіден жәбірленушілердің ұрлатқан заттарын тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Бас шарасы “қолхатта”.

Өз кезегінде ұрлықтың құрбаны болған тұрғындар, жоғын тауып берген тәртіп сақшыларына алғысын айтты. Қиын да қауіпті жұмыстарына табыс тіледі.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Тұрғын үйлеріңізге бейнебақылау камераларын орнатып, есіктеріңізді мықты құлыптармен бекітіңіздер деп ескертеді. Ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада “102” телефон нөмері арқылы полиция қызметкерлеріне хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру