Ертіс өңірінде тыныштықты бұзудың бес мыңға жуық дерегінің жолы кесілді
Ертіс өңірінде тыныштықты бұзудың бес мыңға жуық дерегінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында тұрғындардың түнгі тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қатысты шаралар қабылданып жатыр. Полицияға көпқабатты үйлердің тұрғындарынан күндіз ғана емес, түнгі уақытта да көліктерінде музыканы қатты дауыспен қосып, айналасындағыларға қолайсыздық келтіретін азаматтарға қатысты шағымдар жиі түседі.
Мәселен, сағат 01:23-те полицияға Сәтбаев көшесі, 59-үйдің тұрғындарынан көлікте музыканы қатты дауыспен қосып қойған белгісіз адамдар туралы хабарлама түскен.
– Қатты музыка көпқабатты үйлердің тұрғындарының тынығуына кедергі келтіреді. Көлік иелері түн ортасында музыкалық жүйелерін барынша қатты қосып, бізге қолайсыздық туғызады. Ұйықтай алмаймыз, ал таңертең бәріміз жұмысқа тұруымыз керек, – деп түсіндірді тұрғындардың бірі.
Сол түні полицияға Лермонтов, Камзин және Горький көшелеріндегі тұрғын үйлерден де осындай шағымдар келіп түскен.
Барлық дерек бойынша тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, тыныштықты бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салды.
Сонымен қатар полицейлер құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және айналасындағылардың түнгі тыныштығына құрметпен қарау қажеттігін түсіндірді.
Полиция қызметкерлері тұрғын аудандарда музыканы қатты қою өзге азаматтардың тынығуына кедергі келтіріп, әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды. Тұрғындарға тыныштықты бұзу фактілерін назардан тыс қалдырмай, осындай құқық бұзушылықтарға куә болған жағдайда полицияға хабарласу ұсынылады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында тыныштықты бұзғаны үшін 4 847 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
