Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ертіс өңірінің тұрғындары полицияға 60 бірлік тіркелмеген қару тапсырды

Ертіс өңірінің тұрғындары полицияға 60 бірлік тіркелмеген қару, 16370 оқ-дәрі тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар өңірінде халықтан заңсыз қаруды сатып алу акциясы жалғасып жатыр. Оның шеңберінде құжаттарсыз және тіркеусіз сақталған қаруды тапсыру арқылы өтемақы алуға болады. Жақын маңдағы полиция бөліміне ерікті түрде қару берген азаматқа 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы беріледі. Аталған іс-шара осы жылдың сәуір айында басталды.

– Осы кезеңде Ертіс өңірінің тұрғындары 60 бірлік тіркелмеген қару мен 16370 оқ-дәрі тапсырды. Барлық қару баллистикалық сараптамаға жіберілді, оның қорытындысы бойынша сыйақы төленеді. Бүгінгі таңда 4,8 млн теңгеге жуық сомасына қару тапсырылды – деп хабарлайды Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция бастығы Борис Әлімбаев.

Полиция азаматтарға қару ұстау өте қауіпті екенін және оның салдары кез келген адамның өміріне үлкен зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Егер сізде немесе сіздің туыстарыңыз бен таныстарыңызда заңсыз, тіркелмеген қару болса, оны тапсыру керек. Ол үшін жазбаша өтініш жазып, ішкі істер органдарына немесе учаскелік полиция пунктіне тапсыру керек. Сондай-ақ естеріңізге сала кетейік, қаруды өз еркімен тапсыратындар қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Заңсыз сақталған қару үшін азаматтар Қазақстан Республикасы ҚК-нің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады, онда 200 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды қабылдау әрбір аумақтық полиция бөлімінде жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру