Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткіге қарсы профилактика: Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жолдары қаралды

Шымкент қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылығының алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиынға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері, Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылығы мен жауапты қызметкерлері, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылығының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жиынның мақсаты – кеңес қызметінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын қарау, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу барысы, профилактикалық жұмыстарды күшейту және осы бағыттағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың өзара іс-қимылын жетілдіру.

Отырыста есірткі қылмысымен қарсы күрестің қазіргі жағдайы, оның алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар, профилактикалық жұмыстар нәтижесі және қоғамның есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу саласындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, профилактикалық жұмысты тек құқық қорғау шараларымен шектемей, оның әлеуметтік және ақпараттық бағыттарын қатар дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткінің адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігіне келтіретін зияны туралы объективті ақпарат тарату және қауіп-қатер тобына жататын азаматтармен мақсатты жұмыстар жүргізу маңызды екені айтылды.

Кеңес мүшелері есірткі қылмысы мен нашақорлықтың алдын алуда өзара іс-қимылдың маңызына тоқталды. Жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту,  бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және шығармашылық бағыттағы бастамаларға тарту, сондай-ақ ата-аналармен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі атап өтілді.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта есірткі қылмыстарының бір бөлігі интернет кеңістігі арқылы жасалатынын ескере отырып, ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда есірткіге қатысты заңсыз контенттің таралуын болдырмау, азаматтарды күмәнді ұсыныстардан сақтандыру және есірткі бизнесіне тартудың жаңа тәсілдері туралы халықты хабардар ету бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту қажеттілігі айтылды.

Кеңес барысында халықпен кері байланысты күшейту және қоғам өкілдерін есірткіге қарсы бастамаларға кеңінен тарту жөнінде ұсыныстар ортаға салынды.

Осы бағыттағы бірлескен және жүйелі жұмыс қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру