Фарух Хашиев – көпұлтты отбасының отағасы
Көпұлтты отбасының отағасы Фарух Хашиев Павлодар облысының полициясында қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Фарух Хашиев Шымкент қаласында дүниеге келді. Әкесі Юлдашбек – ұлты өзбек, шешесі Қазибан ұлты – ингуш, олар дүниеден ерте кетті. Отбасылық жағдайға байланысты 2001 жылы мектепті бітірген соң Павлодар облысы Ақсу қаласына қоныс аударды. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Семей заң колледжіне оқуға түсіп, осыдан кейін Ақсу қаласындағы полиция қатарындағы жолын бастады.
Қазіргі таңда Фарух Юлдашбекұлы полиция майоры атағында Ақсу қалалық полиция бөлімінің жедел кезекшісі болып қызмет етеді. Оның әкесі де полиция қызметкері болған. Үш баланы тәрбиелейді, кенже қызы 8 жаста. Әйелі Светлана Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істейді.
Мемлекеттік тілді Фарух Хашиев мектеп оқуынан бастап, құрдастарымен араласа жүріп меңгере бастады. Себебі қазақ тілді білу мен дамыту парыз деп біледі.
– Мен мемлекеттік тілде диалог жүргізіп, өзімді түсіндіре алатынымды мақтан тұтамын. Қазақстан халықтарының бірлігі күні құтты болсын! Көпұлтты Отанымыздың әрбір азаматына денсаулық, ынтымақ, бір-біріне деген құрмет пен этностар арасындағы достық тілеймін! Мен елімді, туған жерімді сүйемін, қазақ тілін сүйемін!, – деп келе жатқан мереке қарсаңында Фарух Хашиев тілек білдірді.