«Гарант 24 Ломбардына» қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы «Гарант 24 Ломбардының» қылмыстық әрекеттеріне қатысты зардап шеккендерді іздестіруде,- деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабының 2-бөлігімен (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) қаржылық пирамиданы құру дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде.
Бүгінгі күні 70-тен аса тұрғын полицияға шағымданды, келтірілген материалдық шығын көлемі есептелуде.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу тобы құрылып, әрбір арыз бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілетін болады. Қала тұрғындарынан сабырлық сақтауды сұраймыз.
Егер Сіздерге «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің қылмыстық әрекеттерімен шығын келтірілген болса, Сіздерді жәбірленуші және азаматтық талапкер ретінде тану үшін Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі №18 мекен-жайы бойынша Қызылорда облысының Полиция департаментіне келулеріңізді немесе 29-50-46, 29-50-25, 29-75-20 телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды сұраймыз.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) талаптарына сәйкес тергеу құпиялығына байланысты қылмыстық іс бойынша нақты мәліметтер жария етуге жатпайды.