Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ 270-тен астам ҮЕҰ-мен азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау саласында бірлескен жұмыстар атқарады

ІІМ 270-тен астам ҮЕҰ-мен азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау саласында бірлескен жұмыстар атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Х Азаматтық форум қарсаңында Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев Zoom платформасында азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.

Кездесуде ол үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне ІІМ жүйесінде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер туралы айтып берді. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы, полиция жұмысының сервистік моделі, халықпен “кері байланыс”, сонымен бірге ҮЕҰ-мен және волонтерлермен өзара байланыстардың іске асырылу барысы туралы баяндады.

Министрдің орынбасары “Жұртқа жақын полиция” қағидатын және оның қажет болған жерлерде тұрақты қатысуын қамтамасыз етудің, модульдік бекеттер мен учаскелік пункттер желісін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдерді енгізу, бейнебақылау желісін кеңейту, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімін оңтайландыру мәселелеріне де кеңінен тоқталды.

Ол өз баяндамасында қылмыстық-атқару жүйесін жаңғыртуға және оны халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, сотталғандарды ұстаудың құқықтық жағдайы мен тұрмыстарын жақсартуға, олардың құқықтарын сақтауға, сондай-ақ үкіметтік емес және құқық қорғау ұйымдарымен өзара бірлескен жұмыстарына ерекше назар аударды.

Жиын барысында азаматтық қоғамның құқық қорғау қызметіне қатысуы қазіргі заманғы құқықтық мемлекетті дамытудың шарты мен талабы болып табылатыны атап өтілді.

Мұрат Баймұқашев ҮЕҰ-мен бүгінгі күні маңызды және өзекті жұмыс бағыттары бойынша проблемалық мәселелерді талқылады.

Оның ішінде дағдарыс орталықтары мен баспаналар желісін кеңейту, шағын қалалар мен ауылдарда зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін ҮЕҰ-мен өзара байланыс жасау, есірткіге қарсы саладағы профилактикалық жұмыс және медицина қауымдастықтарының назарын осы мәселеге аудару, сондай-ақ жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына денсаулық үшін вейпинг тәуекелдеріне қатысты консультация беру жайлы мәселелер кеңірек сөз болды.

Ол өз сөзінде Ішкі істер министрлігі 270-тен астам ҮЕҰ-мен ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Соның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздестіру; тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасы құрбандарына, есірткіге тәуелді адамдарға, қолайсыз отбасыларға, “қиын” жасөспірімдерге көмек көрсету; сотталған адамдарды әлеуметке қосу, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды бағыттар бойынша көптеген жұмыстар атқарылады.

Соңында Мұрат Баймұқашев азаматтық қоғам өкілдеріне ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметін одан әрі жетілдіруге байланысты мәселелерді шешуге назар аударып, қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру