Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшысы жол қозғалысы мәдениетін қалай арттыруға болатынын айтты

ІІМ басшысы Марат Ахметжанов Үкімет отырысында жол қозғалысы мәдениетін қалай арттыру керектігін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі таңда жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 17 мыңнан астам автоматты камера жұмыс істейді.

– Олар өз тиімділігін көрсетуде. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 50%-ын камералар анықтап жатыр, ал Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш шамамен 70%-ды құрайды, – деді спикер.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында бар-жоғы 43 камера ғана бар. Павлодар (58), Қызылорда (65), Маңғыстау (70), Ақмола (82), Батыс Қазақстан (94) және Түркістан (100) облыстарында олардың саны 100-ден аспайды.

Жыл сайын полиция жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 миллионнан астамын тоқтатады.

– Бүгінгі таңда ерекше қауіп төндіретіндер – ережені өрескел бұзушылар. 70 мыңнан астам осындай жүргізуші жол ережесін 6-дан 150 ретке дейін бұзған, – деді министр.

Қазір ІІМ бастамасымен 6 қалада “Қорғау” қосымшасы іске қосылды (Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан). Ол жалған нөмірлері бар, сақтандыру полисі жоқ, іздеуде жүрген, немесе жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтайды.

– Бұған дейін мұндай фактілер барлық көліктерді тоқтатып, олардың құжаттарын жеке-жеке тексеру барысында ғана анықталатын. Ал қазір “Қорғау” қосымшасы көшедегі камералардың деректерін талдап, полицейдің планшетіне “қауіпті” жүргізуші келе жатқанын автоматты түрде хабарлайды. Осылайша тез арада өрескел бұзушының жолы кесіледі, – деп хабарлады министр.

Сондай-ақ ІІМ басшысының айтуынша, бұл қосымшаның көмегімен жалған нөмірмен жүрудің 604 фактісі анықталды. 1600 жүргізуші куәлігінен айырылды. 2400 мемлекеттік нөмір тәркіленді. Айыппұл тұрағына 8000 автокөлік қамалды.

Министр өңірлердің әкімдеріне барлық ірі елді мекендерде қажетті жүйелерді енгізуді жеделдетуді ұсынды. Себебі бұл жол қозғалысы мәдениетін арттыруға және жазадан бұлтартпау принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру