Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де полицей әйелдер марапатталды

Мереке қарсаңында ішкі істер саласының қыз-келіншектері марапатталды. Қоғам мен бесік тыныштығына қатар жауапты мамандарға ішкі істер министрі Марат Ахметжанов алғыс хат пен медаль, төсбелгі табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Қымбатты ханымдар! Сіздерді көктемнің мерекесі – 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам бақыттың, қуаныштың, бүкіл халықтың көктем мерекесі болып табылады. Біздің қатарымызда қайсар қыздар көп. Бойларыңыздан әрқашан ақыл мен парасат, сұлулық пен сымбат табыла берсін. Зор денсаулық, баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін”, – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Еңбегі еленгендер ел игілігі үшін қалтқысыз қызмет етуге ант берді.

“Көктемнің алғашқы шуақты күндерімен бірге келетін 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі бұл – әрбір ана үшін, қыз-келіншектер үшін өте бір жылы мереке. Бұл мерекеде, мінекей, ішкі істер органдарының басшылығы марапаттау шарасын өткізіп жатыр. Біздің еңбегіміз бағаланып жатыр. Тәуелсіз еліміз үшін әр салада қызмет етіп жатқан нәзік жандылар үшін еңбегінің жемісін көру қуаныш деп ойлаймын”, – деді ҚАЖК қызметкері Алма Жүзбаева.

“Жер Ана жер бетін өзінің жылулығына бөлеп жатқан кезде әйелдер қауымын мереке екенін ұмытпай, басшылықтың құттықтауы бұл – өте үлкен мәртебе. Сонымен қатар, біз бұл қызметтің өте жауапты екенін түсінеміз. Қазіргі кезде ер-азаматтармен бірге нәзік жандылар да қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда, қылмыскерлердің жолын кесуде өздерінің ерен үлесін қосуда. Ерен еңбекті бағалап жатқан біздің ер-азаматтарға алғысымыз шексіз!”, – деп атап өтті ҚР ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің қызметкері Динара Сағиева.

Полиция қызметі десе, тәртіп бұзушылармен күресетін батыл азаматтардың бейнесі келеді. Бүгінде ерлермен бірге иық тіресе ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланда 11 мыңнан аса әйел еңбек етіп жүр,  600-і басшылық лауазымды атқарады. Антына адал полицейлер қашан да марапатқа лайық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру