Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Инстаграм арқылы алаяқтықпен айналысқан бойжеткен ұсталды

Интернет арқылы зергерлік бұйымдарға тапсырыс берген Жамбыл облысының тұрғыны алаяққа тап болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қалалық Полиция басқармасына шағым түсірген 29 жастағы тұрғын Инстаграм арқылы алтын бұйымдарға тапсырыс бергенін айтады. Ақшасын жібергенімен, тапсырысын ала алмаған ол алаяқтың құрбаны болғанын кеш түсінген.


Осы шағым бойынша жедел-іздестіру жұмыстарына кіріскен полиция қызметкерлері Инстаграмдағы аккаунттары арқылы жұртты алдап, ақшасын иемденіп келген 25 жастағы бойжеткенді ұстады. Зергерлік бұйымдар үшін ол өз “клиенттерінен” ақшаны банк карточкасына аударуды сұраған. Еш күдіксіз ақша жіберген тараздықтар қалаған тауарларын ала алмапты.


Тергеу кезінде және қолға түскен күдіктіні жеке тінту барысында өзге әйелге тиесілі банк карточкасы мен бірнеше абоненттік нөмірі бар ұялы телефон тәркіленді. Қазір полицейлер оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Интернет арқылы алтын бұйымдарға шамамен 30-ға жуық адам тапсырыс беріпті. Бірақ полицияға тек бір ғана әйел шағымданған.

 


Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес (ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.


Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарға бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасағанда аса сақ болуға және онлайн тапсырыс жасау кезінде күмән тудыратын кез келген әрекетті байқаған жағдайда дереу полиция қызметіне хабарласу керек екенін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру