Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен спортты қатар алып жүрген ару

Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайты оқырмандарды құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстыруын жалғыстырады.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, қарақат көзді, талдырмаш денелі қара қыз – Анель Қалымбетова. Айналасын сүйкімділігімен, нәзіктігімен баурап алатын нәзік аруымыз – дәрігер де, тәрбиеші де емес, темірдей қатаң тәртіпті талап ететін тергеу изоляторында жұмыс істейді.

Жастайынан бойымен бірге ойын да түзеген есті ару заман ағымына қарай заңгер болсам деп армандаған. Сол арманның жетегімен 2018 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық колледжін “Заң және құқық қорғау” мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жылы ЗК-169/1 мекемесіне қатардағы жауынгер болып жұмысқа қабылданады. Мекеме басшысы міндеттеген жұмысты мүмкіндігінше мінсіз атқаруға тырысты. Арнайы есеп бөлімінің орталықтандырылған автоматтандырылған деректер базасына жауапты маман болды. Биылдан бастап осы мекеменің режим және күзет бөлімін бақылайды.

Құқық қорғау органы – әрдайым жауынгерлік әзірлікті талап ететін сала. Сондай тәртіпке бағынған кіші сержант нар тұлғалы, иықты жігіттермен иық тіресе жүріп дене бітімін шынықтырудан жалықпайды. Оқушы кезінен-ақ дене шынықтыру сабағында белсенді болған Анель кезінде дзюдо, қазақша күрес секілді спорт түрлерімен айналысқан. Кезінде жасөспірімдер арасындағы қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болды. Соның құрметіне алған мақтау қағаздары мен медальдары бар. Студент болып жүріп те сүйікті спортымен айналысқан аруымыз 2015 жылы Талдықорғанда жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде 1-орыннан көрінсе, сол жылы Ақтөбе қаласындағы ҚР чемпионатында 3-орынды иеленді. Тәртібі қатал қызметті спортпен қатар алып келе жатқан ЗК-169/1 мекемесінің қызметкері Көкшетау қаласында ҚАЖ қызметкерлері арасында қойын-қолтық ұрыс түрлерінен өтетін чемпионатқа қатысуға дайындалып жүр. Тілдескеннің тілін тауып, белдескеннің белін сындыратындай өр рухты кіші сержанттың бұл дайындығы – жемісті боларына сенеміз.

Қызылорданың қазыналы жерінен тәлімді тәрбие алып келе жатқан арудың бойында патриоттық сезім де басым. Анель тұлғалық бейнесінің қалыптасуына – өзі еңбек етіп жүрген құқық саласының әсері зор болды деп біледі. Мекеме ішінде өтетін түрлі іс-шараларға қатысып, жүргізушілік қырынан да танылып жүр.

Қарақат көзді, қиғаш қасты қазақ қызының ҚАЖ саласындағы еңбегі өнімді болсын деп тілейік. Анель Қалымбетованың алар асуы, шығар биігі алда екендігіне сеніміміз мол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру