Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі ТЖ кезінде көзге түскен қызметкерлерді марапаттады

Ішкі істер министрі ТЖ кезінде көзге түскен қызметкерлерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінде бейнеоконференц-байланыс режимінде төтенше жағдай кезінде көзге түскен ішкі істер органдарының 47 қызметкері мен әскери қызметшілерін ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі өтті.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен олар “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін”, “Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін” медальдарымен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

“Мемлекет басшысы ІІМ қызметкерлерінің төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның тапсырмасы бойынша карантиндік іс-шараларға тартылған барлық қызметкерлер мен әскери қызметшілерге лауазымдық жалақы мөлшерінде сыйақы беріледі. Барлығы 52 мыңнан астам жеке құрам ынталандырылады”, – деді министр.

ІІМ басшысы ел үшін қиын кезеңде ІІО қызметкерлері өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, ерекше режимде жұмыс істейтінін еске салды. Карантиндік іс-шараларға қатысумен қатар, олар құқықтық тәртіпті қорғау, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету бойынша тәулік бойы қызмет атқарып келеді.

Полицейлер мен әскери қызметшілер төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуде мемлекеттік билік органдары мен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетуде. Ең бастысы, осы қиын кезеңде тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр.

“Ел басшылығы мен әлеуметтік желілердегі үндеулерде өз жұмысын мінсіз орындап, кәсіби қызмет еткендерге үлкен алғыс айтамыз. Осының барлығы халық пен ішкі істер органдарының жеке құрамы арасында құрмет пен мақтаныш сезімін тудырады”, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің айтуынша, Қарағандыдағы көпірге және Нұр-Сұлтан биіктен құлап өзіне-өзі қол жұмсамақ болған қыздарды құтқару мысалдары, адамдарды өрттен, су апатынан құтқарудың көптеген фактілері бар. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін, жалдамалы үйден шығару қаупі туындаған отбасына полицейдің көмек көрсету фактісі оң резонанс тудырды.

“Бүгін сіздерді марапаттай отырып, төтенше жағдай кезінде көрсеткен қайсарлық пен батырлықтарыңызды атап өткім келеді. Өздерінің қызметтік және азаматтық борышын адал орындаған барлық қызметкерлер алғыс пен марапаттауға лайық. Және бізге басты бағаны тұрғындар береді”, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Марапатталған қызметкерлер өз кезегінде министрге бұл марапаттар құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс істеуге ынталандыратынын айтты. Ал өздерінің адал қызметі арқылы қоғамға көп пайда әкелетіндіктеріне сенімділіктерін білдірді.

Қорытындысында Ерлан Тұрғымбаев қызметі үшін көзге түскендерге тағы да алғыс айтып, ел басшылығы мен министрлік әрдайым қызметкерлердің әл-ауқатына қамқорлық көрсетіп, оларға қажетті қолдау көрсететінін атап айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру