Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Камераға түскен құқық бұзушылық: Павлодарда мас жүргізуші ұсталды

Павлодарда жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары мас күйде электровелосипед басқарған, бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға Торайғыров көшесінде болған. Бейнебақылау инспекторы мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ E-Bikis велосипедін байқап, ақпаратты автопатруль қызметкерлеріне дереу жеткізген. Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушінің жеке басын анықтады.

Рөлде 25 жастағы қала тұрғыны болған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Ал деректер базасындағы мәліметтерді тексеру барысында ер адамның 2024 жылы сот шешімімен көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылғаны анықталды.

– Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, электровелосипед арнайы тұраққа қойылды, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.

Полицияның мәліметінше, жедел басқару орталығының кеңейтілген бейнебақылау жүйесі қаладағы ахуалды тәулік бойы нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қауіп төндіретін жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Полиция азаматтарға көлік құралдарын басқару кезінде жол қозғалысы талаптарын қатаң сақтап, мас күйде рөлге отырмауды ескертеді. Бір сәттік жауапсыздық жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіруі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру