Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантин режимін бұзған ер адам жауапкершілікке тартылды

Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері үй карантинінде болған адамның ТЖ режимін бұзғанын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.


СҚО Тайынша ауданында тұратын 36 жасар жеке кәсіпкер 14 наурыз Польшадан келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайда ол 14 күн бойы үй карантинінде болуға міндеттелемін деп қолхат жазған, алайда еліне келісімен өзінің сауда нүктесіне барған. Бұл туралы мәліметтер анықталған соң, Киров ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы тұрғынмен  телефон арқылы
төтенше жағдай режимін бұзудың жауапкершілігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Ауыл тұрғыны карантин режимін сақтаймын деп сендірді.

Дегенмен Тайынша қалалық көпсалалы аудандық ауруханасына келіп, сырқат еместігіне, еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмейтін анықтама беруін талап еткен. Аурухана қызметкерлері кәсіпкерді Чкалов аудандық карантиндік ауруханаға салуға шешім қабылдайды. Ол 28 наурызға дейін ауруханада болды.
Карантиннен шыққан соң, құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы 2-бөлігі (төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша хаттама толтырылды.

“Аталған тармақ бойынша белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетуге тыйым салынады, – дейді Тайынша ауданының ПБ басшысының бірінші орынбасары Арғын Аманбаев. – Бұзушылық үшін ескерту немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Қазіргі кезде жиналған материал сотқа тапсыруға әзірленіп жатыр. ТЖ режимі талаптарына немқұрайлы қарау – адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін есте сақтаған жөн”.

Бұл СҚО-да жеке тұлғаның ТЖ режимін бұзудың алғашқы жағдайы.
Облыс полицейлерімен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша барлығы 39 хаттама толтырылды. Қалған фактілер сауда нүктелері мен ойын-сауық орындарының жұмысына байланысты болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру