Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Карантин режимін бұзған түркістандықтар жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарын бұзудың екі мыңға жуық жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында Түркістан облысында тұрақты түрде рейдтер жүргізілуде. Яғни Түркістан облысының полицейлері індет кезінде заң талаптарын бұзушыларды анықтап, құжаттарын тиісті орындарға жолдауда.
Тәртіп сақшылары облыстағы тамақтану орындары, сауда үйлері, азық-түлік дүкендері мен адамдар жиналған және көп шоғырланатын орындарды жіті тексеріп, карантин талаптарының сақталуын қатаң түрде қадағалауда.

Мәселен жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша 1918 жайтты анықтады. Аталған деректер бойынша құжаттар жинақталып, СЭББ-ға жолданды. Оның ішінде 1217 дерегіне хаттама толтырылса, қалғаны әлі де тиісті орында қаралуда.

Карантин талаптарын бұзғандардың 1182-сі жеке тұлғалар болса, 30-ы жеке кәсіпкерлер екендігі белгілі болды.

Сонымен қатар анықталған 1918 жайттың 110-ы той мен құдалық өткізгендер, 218-і сақтық шараларын ұстанбаған азық-түлік дүкендері, 13-і дәріханалар, 105-і қоғамдық тамақтану орындары, 26-сы сұлулық салондары, 22-сі сауда үйлері және қалғандары басқа да орындар болып саналады.

Бүгінде жиі анықталып жатқан көкпар ұлттық спорт ойындары бойынша 32 жайт анықталса, Қазығұрт ауданында – тоғыз, Ордабасы – төрт, Жетісай, Шардара, Мақтаарал – үш, Бәйдібек, Отырар, Келес, Түлкібас аудандарында – екі, Төлеби мен Арыс аудандарында бір жайттан анықталды.

Ескерте кететін жайт, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша коронавирустық инфекцияның алдын алуға байланысты рейдтік шаралар мен тексреу жұмыстары бұдан әрі де жалғаса бермек. Сондықтан барша тұрғындарды шектеу шараларын әрдайым ұстануға шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру