Кентауда велосипед ұрлап кеткен қыз анықталды
Кентауда велосипед ұрлап кеткен қыз анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын спорттық велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның дүкен жанына қойып кеткен 70 мың теңгелік велосипедін белгісіз біреу ұрлап кеткен.
Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді.
Полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, күдіктіні бір тәулік ішінде ұстады. Ол жергілікті тұрғын, яғни бойжеткен болып шықты. Учаскелік инспекторлар бойжеткеннен ұрланған велосипедті алып, иесіне қайтарды.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бойжеткеннің айтуынша, ол тезірек үйіне жету үшін осындай заңсыз әрекетке барған.