Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентаулықтың көлігін заңсыз айдап кеткен күдікті ұсталды

Кентаулықтың көлігін заңсыз айдап кеткен күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адам өз арызында, тұрғын үйі орналасқан көше бойында тұрған “Ауди-100” маркалы көлігін белгісіз біреу рұқсатсыз айдап кеткені бойынша шағымданған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.

Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастайды. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін, қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде, арада небары жарты сағат өткенде жәбірленушінің көлігінің тұрған жерін анықтайды. Ол Кентау қаласы көшелерінің бірінен, арыққа түскен жерінен табылды. Одан ары полицейлер, көлікті айдап, онымен қоймай, дұрыс жүргізбей арыққа түсіріп тастап кеткен күдіктіні іздестіруді жалғастырады. Осылайша Кентау ҚПБ-нің полиция қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Оны ПБ-ға жеткізді.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушінің досы болып шықты. Ол досының үйіне мас халде келіп, есік алдында тұрған көліктің айналасында ешкім жоқтығын, есігі ашық, ішінде кілті тұрғанын пайдаланып айдап кеткені белгілі болды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, сотқа жолданған. Күдіктінің бас шарасы міндеттемеде.

Түркістан облысының полицейлері көлік ұрлығын болдырмау үшін, көліктерін бейнекамерамен жабдықталған, жарықтанған автотұрақтарға қою керектігін ескертеді. Ал автокөліктерге құжаттарды, үй кілтін, бағалы заттарды қысқа уақытқа болса да тастап кетуге болмайтынын жеткізеді. Егер де, сіз, қандай да бір қылмыстық оқиғаның немесе ұрлықтың куәгері, құрбаны болсаңыз, полицияның “102” нөміріне жедел түрде қоңырау шалыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру