Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан СҚО полицейлері 5 мал ұрлығын ашты

Жыл басынан СҚО полицейлері бес мал ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алуды жүргізуде. Ауылдық округтерде аумақтық бөліністер тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Тәртіп сақшылары шаруа-фермерлік қожалықтардың иелеріне мал басын сақтау, жануарларға таңба мен бирка салу жөніндегі шаралар, қашаларды күзет жүйелерімен жабдықтаудың тиімділігі туралы айтады.

– Жылдың алғашқы үш айында бес мал ұрлығы фактісі тіркеліп, оның барлығы ашылды, — дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Марат Жұмалиев. — Өткен жылдың қорытындысы бойынша аталған қылмыс түрін 54% төмендетуге қол жеткізілді. Бұған түсіндіру жұмыстары мен ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің қабылдаған шаралары және қаңғыбас малдармен күрес септігін тигізді. Еркін жайылымда жүрген малдар мал ұрысының назарын тартатыны белгілі. 2020 жылдың ортасынан заң иелері малды өз күшімен бағуды немесе бақташылармен шарт жасауды талап етеді. Бұл аса маңызды, өйткені қаңғыбас малдар жолға шығып кетіп, ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларына себеп болып жатады.

Облыс аудандарында 231 арнайы қаша бар, оған иесі анықталғанша “қараусыз жүрген” жануарларды қамайды. Үш айда оған 394 бас қаңғыбас мал орналастырылған. 133 иесі еркін жайылуға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Келесі бір маңызды шара — ветеринария заңнамасын бұзуды анықтау. СҚО аумағында 107 мал соятын және ет өңдейтін пункт тіркелді. Ұрланған малдың етін өткізуге жол бермеу үшін полицейлер мүдделі ведомстволардың өкілдерімен бірлесіп ет өнімдерін қайта өңдеу және сату нүктелері бойынша рейдтік іс-шаралар өткізеді. Патрульдік полицейлер тұрақты түрде мал мен ет өнімін тасымалдайтын көлікті тексереді. Жыл басынан бері ветеринария саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 37 әкімшілік хаттама анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру