Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кинолог маман – Шуақ Балғабекұлы

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы жарияламақ.

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/1 мекемесінің бақылаушы – кинолог маманы Шуақ Балғабекұлы 10 жылға жуық уақыттан бері кинолог болып жұмыс істейді. Бала күнінен итті жақсы көретін ол әскер қатарында  кинология бөліміне қабылданып, содан бері адамның сенімді серігін жаттықтырып, тәрбиелеп келеді.

Әңгімесін “төрт аяқты жауынгер”  адамның ең сенімді досы деп бастаған кинолог-маман ең әуелі иттің сеніміне кіре білу керектігіне тоқталды.

– Итпен жақсы байланыс орнату керек. Сол кезде ғана ол да саған сенетін болады және кез-келген қиындықта ешқашан тастамайды. Оның мінезін, нені жақсы көреді, нені ұнатпайды соның бәрін нақты білуің қажет. Жалпы, үйрету барысында итті ұруға болмайды. Ол да кез-келген қиын сәттерде өз иесінен көмек күтеді. Ол сөйлей алмағанмен, бірақ тілін түсінген адамға іс-қимылымен білдіреді. Жеті қазынаның бірі саналатын үй жануарын өзіңе бағындыру, айтқаныңды бұлжытпай орындату оңай емес. Олардың мінезі адам баласынікіндей холерик, сангвиник, флегматик және меланхолик болып төртке бөлінеді. Дәл сол секілді мінезіне қарап, қай иттің қай салада жұмыс істеуге болатынын анықтауға болады. Өз басым әскер қатарында қызмет еткен жылдары итті үйретудің барлық қыр-сырларын, айласын үйрендім. Итті өз баласындай жақсы көретін мамандардан білім алдым. Сол себепті, мен үшін кинология өмірім десем артық айтпаймын, – дейді Шуақ Балтабайұлы.

ҚАЖ департаментінде кинология қызметі 2013 жылы ашылған. Бүгінгі таңда мұнда қызметтік төрт бельгиялық овчарка бар. Олар есірткі  затын іздеп, адамды аяқ ізінің иісімен табады. Түзеу мекемесінен сотталғандар қашқан жағдайда немесе есірткі тасымалданса, қызметтік иттер қылмыстық алдын алуға ат салысады.

– Маған бекітілген Оскар атты кызметтік ит адам ізінің иісімен іздеп табушы. Екеуміз де Алматы қаласындағы ІІМ-нің Кинология орталығында алғашқы даярлықта жақсы нәтиже көрсетіп, сертификат алдық. Бұдан бөлек, Оско және Лютый атты есірткі іздеуші қызметтік иттер оңтүстік астанамыздағы Кинология орталығынан  2018 жылы алғашқы даярлық, өткен жылы  қайта даярлық курсынан өтті.

Жалпы, бұл салада кәсібилік басым болған жағдайда мансап жолында өсуге, өз дара жолын қалыптастыруға болады. Жақсы кинолог басқа мамандық иелері секілді әрдайым ізденісте жүріп, кәсібилігін, шеберлігін арттыруы тиіс.  Соның бір жолы – халықаралық ит көрмелеріне қатысу. Бұл жетістіктерімен мақтану ғана емес, кәсіби деңгейдегі кинологтардың бір-бірімен тәжірибе, білім алмасуы. Бүгінде өз басым еліміздің барлық өңірлеріндегі осы салада қызмет ететін мамандармен байланысып, білмегенімді үйреніп, білгенімді үйретіп жүрмін, – дейді кинолог-маман.

Әрине, әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Бір қызығы, кинолог болу – итпен бірге жүру ғана емес, иттің анатомиясын, физиологиясын, психологиясын терең зерделеу, оның ауруларына ем іздеу, дұрыс тамақтандыру. Мінекей, бірқарағанда оп-оңай көрінетін мамандықтың біле бермейтін қыр-сыры көп. Иттің азығы күніне екі рет таңертең және кешке құрамы дәруменге бай, арнаулы жем, суымен бірге беріледі. Иммитаторды пайдалана отырып есірткі иісін ұмытып калмас үшін күнделікті екі мәрте оқу жаттығу жүргізіледі. Бұл жұмыста ең бастысы – шыдамдылық пен мақсаттылық, табандылық пен бақылағыштық қасиет қажет.

Аға сержант шеніндегі Шуақ Балғабекұлының күнделікті қызмет барысында  ЗК-169/5 мекемесінің сырт аймағын бақылап аралап жүріп, мекеме аумағына тыйым салынған заттарды сырттан лақтыруға келген адамдарды дер кезінде анықтап, тиісті органдарға тапсырған.

​ Қызметтік иттің көмегімен жыл басынан мекемеге тыйым салынған ұялы телефон лақтырмақ болған бір адам ұсталып, оған ҚР ӘҚБТК 481 бабымен ескерту жарияланды. Ал мамыр айында жазасын өтеуші жақынына есірткі өткізбек болған әйел қызметтік иттердің көмегімен құрықталып, қазіргі таңда ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Міне, біз жұмыс барысында реті келгенде қызметтік иттерді тінту жұмыстарына, сотталғандарды айдауылдау кезінде қосымша күш ретінде пайдаланамыз, – дейді кейіпкеріміз.  

Мамандықтың жаманы болмайтыны ескерсек, кинолог болу үшін бойыңыздан алдымен дәл осы мамандыққа деген қызығушылық, ептілік және жауапкершілік табылса жеткілікті. Табиғатты сүю арқылы, ит пен адамның бөлінбейтінін түсінуіңіз қажет-ақ. Ал өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінде жеті қазынаның бірі саналатын итті баптай білетін Шуақ Балтабайұлы секілді маманның болғаны қуантады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру