Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кинологиялық қызмет: Буча мен Рақымжанның ортақ миссиясы

Атырау облысында қызмет ететін Буча атты қызметтік ит пен оның баптаушысы Рақымжан Ерболат - қауіпсіздік жолындағы сенімді серіктер, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерімен қатар, арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттердің де үлесі зор. Олар адамның көзіне байқала бермейтін қауіп-қатердің ізін анықтап, құқық қорғау органдарының сенімді серігіне айналған. Атырау облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында қызмет атқаратын Буча атты қызметтік ит – сондай төрт аяқты тәртіп сақшыларының бірі.

Буча жарылғыш заттарды анықтау бағыты бойынша арнайы дайындықтан өткен. Ол күн сайын қоғамдық орындарда, стратегиялық маңызы бар нысандарда және бұқаралық іс-шаралар өтетін аумақтарда қызмет атқарады. Ерекше иіс сезу қабілетінің арқасында қауіпті заттарды қысқа мерзімде анықтап, полиция қызметкерлерінің жұмысына елеулі көмек көрсетеді.

Қызметтік иттің басты ерекшелігі – тәртіптілігі мен сабырлылығы. Көпшілік қауіпті затты тапқан ит міндетті түрде үріп немесе шабуыл жасайды деп ойлайды. Алайда арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттер мүлде басқаша әрекет етеді. Буча күдікті затты анықтаған жағдайда байсалдылығын сақтап, арнайы белгі арқылы баптаушысына хабар береді. Бұл оның кәсіби даярлығының жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Бучаның күнделікті қызметі оның баптаушысы – Атырау облысы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологы Рақымжан Ерболатпен тығыз байланысты. Қызмет барысында олар бір-бірін сөзсіз түсінетін сенімді серіктерге айналған.

- Қызметтік итпен жұмыс тек бұйрық берумен шектелмейді. Оның мінезін танып, көңіл күйін түсініп, күн сайын жаттықтыру қажет. Уақыт өте келе ерекше сенім қалыптасады. Буча мен үшін жай ғана қызметтік ит емес, сенімді серігім, – дейді Рақымжан Ерболат.

Рақымжан құқық қорғау саласында қызмет ете жүріп, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосып келеді. Оның жұмысы жоғары жауапкершілікті талап етеді. Себебі жарылғыш заттарды іздеу – қырағылықты, кәсіби дайындықты және шеберлікті қажет ететін маңызды бағыттардың бірі.

Қызметпен қатар, Рақымжан үшін отбасының да орны ерекше. Ол – аяулы жар және екі қыздың қамқор әкесі. Бос уақытын мүмкіндігінше отбасымен өткізуге тырысады. Балалары әкесінің полиция қызметкері екенін мақтан тұтады.

- Қызмет қаншалықты маңызды болса да, отбасының орны бөлек. Үйге келгенде мен полиция қызметкері емес, ең алдымен әке әрі жармын. Балаларымның күлкісі маған күш-қуат береді, – дейді ол.

Рақымжанның айтуынша, отбасының қолдауы кез келген полиция қызметкеріне жігер береді. Қызмет барысында түрлі жауапты міндеттер мен күрделі жағдайлар кездескенімен, жақындарының қолдауы жаңа жетістіктерге жетелейді.

Бүгінде Рақымжан мен Буча өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірлесе еңбек етіп келеді. Олардың күнделікті қызметі көпшілікке көріне бермегенімен, қоғам тыныштығын сақтаудағы маңызы зор. Қауіптің алдын алып, бейбіт өмірдің сақталуына үлес қосып жүрген бұл қос серіктің еңбегі – кәсібилік пен адалдықтың жарқын үлгісі.

Бірі – антына адал полиция қызметкері, екіншісі – ерекше қабілетімен танылған төрт аяқты тәртіп сақшысы. Оларды біріктіретін ортақ мақсат – халықтың қауіпсіздігі мен ел тыныштығы.

Буча мен Рақымжанның қызметтегі үйлесімі, өзара сенімі мен жауапкершілігі адам мен қызметтік жануар арасындағы ерекше байланыстың айқын көрінісі. Осындай көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбектің арқасында тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру