"Спорт – есірткіге қарсы": Ұлытау облысында ауқымды спорттық іс-шара өтті
Ұлытау облысында жастар арасында "Спорт – есірткіге қарсы" атты ауқымды спорттық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған ауқымды шараны Ұлытау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған.
Спорт алаңында өткен тартысты бәсекеге мектеп оқушыларынан құралған 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында жеткіншектер ептілік, жылдамдық және командалық ауызбіршілік бойынша сынға түсті. Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл шараның басты ерекшелігі – жастарға есірткінің зиянын жай ғана ескерту емес, оны спортпен ұштастыра отырып түсіндіру болған.
Іс-шараға тек тәртіп сақшылары ғана емес, сонымен қатар профилактика кеңесінің мүшелері мен еріктілер де белсене қатысты. Олар жасөспірімдермен ашық пікір алмасып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын жан-жақты түсіндіріп берді.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні зор екенін алға тартады: «Мұндай шаралар жастарды спортқа баулып қана қоймайды, олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуына оң ықпал етеді. Біз жастардың таңдауы – спорт пен сергек өмір болғанын қалаймыз. Осындай шаралар арқылы өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар береміз», – дейді ұйымдастырушылар.
Полиция алдағы уақытта да жастар арасында құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы осындай креативті жобаларды жалғастыра беретінін жеткізді. Жарыс соңында белсенді қатысушылар мен жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
