Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында интеллектуалды жүйелерді дамыту жұмыстары жалғасуда

Маңғыстау облысында интеллектуалды жүйелерді дамыту жұмыстары жалғасуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласын заманауи цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Жасанды интеллект, аналитикалық платформалар мен ақылды бейнебақылау жүйелері полиция қызметкерлерінің сенімді көмекшісіне айналып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды ашуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беруде.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында орналасқан екі Жедел басқару орталығы, сондай-ақ Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу және Қарақия аудандарында бес шағын жедел басқару орталығы тәулік бойы қызмет көрсетуде. Олардың негізгі міндеті – өңірдегі жедел ахуалды бақылау, азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қабылдау және тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіру.

2026 жылдың алғашқы бес айында "102" арнасына 147 273 телефон хабарламасы келіп түсті. Заманауи цифрлық шешімдердің арқасында әрбір хабарлама жедел тіркеліп, тиісті бөлімшелерге жолданады. Сонымен қатар, азаматтардан "102" мобильді қосымшасы арқылы түрлі сипаттағы 2 794 хабарлама түскен. Оның ішінде 2 307-сі мәтіндік хабарлама болса, 487-сі eGov Mobile сервисі арқылы жолданған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде интеллектуалды бейнебақылау жүйелерінің рөлі ерекше. Бүгінде бейнекамералар тек оқиғаларды тіркеп қана қоймай, күдікті тұлғаларды анықтауға, іздеуде жүрген азаматтарды табуға және қоғамдық тәртіпке төнетін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен облыс аумағында 155 қылмыс ашылды. Оның ішінде адам өлтіру, ұрлық, бұзақылық, көлік құралдарын заңсыз иелену және өзге де құқыққа қарсы әрекеттер бар. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері арқылы 25 864 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Жедел басқару орталықтарына енгізілген ең тиімді цифрлық шешімдердің бірі – "Таргет-Ай" тұлғаны тану жүйесі. Жасанды интеллект бейнеағындарды нақты уақыт режимінде талдап, деректер қорымен салыстырады. Осы технологияның нәтижесінде жыл басынан бері түрлі негіздер бойынша іздеуде жүрген 37 азаматтың жүрген жері анықталып, ұсталды. Тиісті ақпарат құзырлы бөлімшелерге дер кезінде жолданып отырды.

Қоғамда жасанды интеллект адамды толық алмастырады деген пікірлер жиі айтылады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, цифрлық технологиялар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдететін қосымша құрал ғана. Олар ақпаратты өңдеу жылдамдығын арттырып, талдау дәлдігін күшейтеді. Ал түпкілікті шешімді әрдайым полиция қызметкерлері қабылдайды.

Өңірде интеллектуалды жүйелерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдама аясында бейнебақылау жүйелерін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тек 2025 жылдың өзінде облыс аумағында 1 268 бейнекамера орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасады.

Жедел басқару орталықтарының техникалық жарақтандырылуы мен хабарламаларды өңдеу сапасы жыл сайын жетілдірілуде. Заманауи технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық сервистер құқық бұзушылықтардың алдын алудың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып, полицияның басты міндеті – халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға қызмет етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру