Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері Астанада “ҚТЖ” ҰК” АҚ қызметкерлерімен кездесу өткізді

Көлік полицейлері Астанада “ҚТЖ” ҰК” АҚ қызметкерлерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінің басшылығы “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ның теміржол кәсіпорындарының өкілдерімен бірлескен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында “ҚР темір жолында қауіпсіздік деңгейін және мүліктің сақталуын арттыру бойынша 2022-2024 жылдарға арналған жол картасының” жүзеге асырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ қылмысқа қарсы күресті күшейту, қоғамдық тәртіпті сақтау және теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Департамент бастығы Бақытжан Малыбаев өз сөзінде көлік қауіпсіздігі – бұл көлік қызметіне заңсыз араласу әрекеттеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі технологиялық және ұйымдастырушылық түсініктерді қамтитын кешенді ұғым екенін айтты. Осыған байланысты көлік полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айырықша назар аударды.

Басқосу барысында Бақытжан Малыбаев көлікте бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу мәселелерін де қозғады. Оның баяндамасында соңғы уақытта елімізде тасымалданатын жүктердің көлемі өскен, нәтижесінде материалдық құндылықтар тиеген вагондардың құрамы ірі тораптық станцияларда ұзақ уақыт бойы тұрып қалатыны айтылды. Бұл жымқыруға алғышарттар жасайды. Бұдан соң полиция полковнигі жылжымалы құрамның басып кетуімен болатын жазатайым оқиғалардың негізгі себебі адамдардың қауіптілігі жоғары аймақта жүріп-тұруы салдарынан болатындығын жеткізді. Бұндай жәйттердің басты факторы елді-мекендерде арнайы жабдықталған өткелдердің болмауы.

Көлік полициясы басшысының айтуынша, бейнебақылау камералары полицейлерге оқиғаны бақылап, тәртіпті қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Көп жағдайда бейнекамералар қылмыстарды “ізін суытпай” ашуға септігін тигізіп жатады. Сондай-ақ олар машинистердің жұмысын бақылауға, шұғыл тежеулер мен басып кету фактілерін тіркеуге және олардың жасалу себептерін анықтауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты полицейлер ұлттық компания өкілдеріне темір жол көлігінің барлық нысандарында бейнебақылау камераларының санын көбейту бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері, тіпті, ашықтық пен азаматтардың сенімін арттыру үшін жолсеріктерді, машинистер мен пойыз бригадалары қызметкерлерін бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету қажет екендігін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар екіжақты шешімдер қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру