Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері балаларға арнап ғажайыпқа толы жаңажылдық мереке өткізді

Көлік полицейлері балаларға арнап ғажайыпқа толы жаңажылдық мереке өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа 2024 жыл қарсаңында көліктегі полиция департаментінің акт залында шырша мерекесі өтті. Оған департамент қызметкерлерінің 100-ге жуық 3 жастан 8 жасқа дейінгі балалары қатысты.

Мерекелік іс-шара басталмастан бұрын балалар департамент ғимаратының 3 қабатында орналасқан музейде болып, ондағы жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ полицейлер жиналғандарға департаменттің тарихы туралы мағлұмат берді. Ішкі істер органдарының қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлерінің ерлігі туралы әңгімеледі. Бұдан соң олардың барлығы ертегі әлеміндегідей безендірілген акті залда болды.

Іс-шараны департамент бастығының бірініші орынбасары Мадияр Айтуғанов ашып, департамент бастығының атынан балалар мен олардың ата-аналарын жаңа жыл мейрамымен құттықтады.

Жаңа жыл – барша баланың асыға күтетін сүйікті мерекесі. Сондықтан бүгінгі мерекелік ойын-сауықты сіздерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Келе жатқан 2024 Жаңа жыл құтты да, берекелі болсын. Баршаңызға мықты денсаулық, әрбір шаңыраққа қуаныш, молшылық, елімізге бейбіт заман тілеймін! – деді полиция полковнигі.

Бұдан соң, балалар ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған жаңажылдық қойылымын тамашалап, мәз-мәйрәм болысты. Балалар Аяз ата және Ақшақармен кездесті, олар жиналған балақайларды құттықтап қана қоймай, түрлі ойындар, қызықты сайыстар өткізді. Оған қоса, барлық кішкентай қонақтарға сыйлықтар мен тәттілер таратылды. Тіпті, балаларымен бірге келген ересектер де ертегі әлеміне енулеріне мүмкіндік алды. Шат-шадыман күлкілер, балалардың әндері мен билері мерекелік думанды одан әрі көріктендіре түсті.

Мәселен 6 жасар Сабина балалар бақшасына барады. Бүлдіршіннің анасы Нұргүл Аймағамбетова департаменттің әкімшілік полициясы басқармасында қызмет етеді. Ол шыршадан балалардың керемет әсер алғанын айтып, үлкен алғысын жеткізді. Ал, 2 жасар Ибрагимнің әкесі Сұлтан Мұхамеджанов департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі. Ол ішкі істер органдарында 16 жылдан аса еңбек етеді.

Сыйлықтарға құшағы толған сәбилердің қуанышында шек болмады. Шара соңында көңілдері шаттықа толы балалар мен ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп, үйлеріне тарасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру