Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылады

Көлік полицейлері өткен жылы атқарылған жұмысты қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада көліктегі полиция департаментінің бастығы Б. Малыбаевтың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Онда Көліктегі ПД-ның 2022 жылғы жедел-қызметтік жұмысы қорытындыланып, 2023 жылғы басым міндеттері айқындалды.

Жедел кеңеске ішкі істер министрінің орынбасары И. Лепеха, ҚР бас көлік прокуроры, 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Т.Сүлейменов, сондай-ақ департамент аппараты қызметтері мен аумақтық бөліністердің басшылары қатысты. Кеңесті ашқан департамент бастығы Бақытжан Малыбаев жиналғандарға ішкі істер министрінің ІІМ алқасының кеңейтілген отырысында берген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеткізді.

– Департаментте Ел Президентінің “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы шеңберінде және ішкі істер министрінің бюрократиядан арылу, полицияның сервистік моделін іске асыру, ең бастысы полиция стандартын сақтау бойынша қойған міндеттерін орындауда барлық қажетті шараларды қабылданып жатыр, – деді Малыбаев.

Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов 2022 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы қабылданған шаралар еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде тұрақты жедел жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2022 жылы департаментте 1588 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген болса, ашылу деңгейі 75,7%-ды құрады. Адам өлтіру, зорлау және қарақшылық қылмыстарына жол берілген жоқ. Көлікте жасалған қылмыстардың негізгі бөлігі, яғни 67%-ға жуығы бөтеннің мүлкін ұрлау болған, олардың ашылуы 75,4%-ды құрады. Жүк ұрлықтарының саны 46,3%-ға қысқарды.

Полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл. Өткен жылы 351 есірткі қылмысы тіркелді, заңсыз айналымнан 180 келі есірткі заты тәркіленді. 2022 жылы 45 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1408 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кеңес барысында бірқатар желілік бөлініс басшыларының есептері тыңдалды. Бұдан соң, кадр саясаты, көліктегі полиция департаментінің жеке құрамының қызметтік-жауынгерлік даярлық деңгейін жетілдіру, тәртіп пен заңдылықты сақтау, көлік полициясы қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуды нығайту мәселелері талқыланды.

– Мемлекет басшысы біздің алдымызға үлкен міндеттер қойды. Бүгінде қазақстандық полиция сервистік-бағытталған модельге көшіп жатыр. Яғни, бұл полицияның “клиентке бағдарланған” моделіне көшу тәсілі. Сіздер халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейсіздер, сондықтан қызметтеріңіз, ең алдымен, халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, әділеттілік пен заңдылық қағидатын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс, – деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Сондай-ақ ол полицейлердің Қазақстан заңдары мен халқына адал қызмет ете отырып, белсенді әрі нәтижелі әрекет ететініне сенім білдірді. Кеңес соңында Б. Малыбаев аумақтық бөліністердің басшыларынан қызметтік міндеттерін орындау кезінде кәсіби біліктілік пен құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсетуді талап етті. Сонымен қатар ол әрбір басшыға көлік объектілерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету, қылмыстарды анықтау және ашу, есепке алу-тіркеу тәртібін сақтау, азаматтардан келіп түсетін барлық өтініштерге уақытылы ден қою жөнінде бірқатар міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру