Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері өздерінің төртаяқты серіктестері туралы айтып берді

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері өздерінің төртаяқты серіктестері туралы Polisia.kz редакциясының тілшісіне айтып берді. 

ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығы қоғамдық тәртіпті сақтау, елдің әуе және теміржол көлігі объектілеріндегі қылмыстардың алдын алу және оларды ашу үшін арнайы дайындалған қызметтік-іздестіру иттерін пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

Көліктегі ПД-да кинологиялық қызмет орталығы өз қызметін 2006 жылдан бастап жүзеге асырып келеді.

Бүгінгі күні орталықта 30 қызметтік-іздестіруші ит “қызмет етеді”. Бұл жерде төртаяқты “мамандар” есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуді үйренеді. Иттердің тұқымдары әртүрлі, олардың арасында неміс, бельгиялық овчаркалар және лабрадор-ретривер бар. Олардың әрқайсысының мықты иіс сезгіш қасиеті бар. Бұл қасиет оларды іздестіру жұмыстарында таптырмас “маман” етеді. Олар негізінен қылмыстарды “іздерін суытпай” ашу үшін қолданылады.


Жыл басынан бері департамент пен оның желілік бөлімшелерінің кинологтары қызметтік-іздестіру иттерін 4 мыңнан астам рет қолданып, қолдану нәтижелері бойынша жүзден астам есірткі құқық бұзушылығын анықтап, 50 келіден астам түрлі есірткі тәркіледі.

Мәселен, сәтті жұмыстардың бірі деп шілде айында Түрксіб станциясының өткеліндегі Кай есімді неміс овчаркасының 29 келіден астам марихуананы анықтауы деп атауға болады.

Тексеру барысында Жамбыл облысының тұрғындары ұсталғаны анықталды. Оларды тінті кезінде автокөліктің жүксалғышынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат табылып, тәркіленді.

Төрт аяқты көмекші Кай 2016 жылдан бері жол полициясында қызмет етіп келеді. Сондай-ақ Вулкан есімді қызметтік ит те өзінің жақсы жұмысымен танымал. Ол небәрі екі жаста, бірақ қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жедел-іздестіру шаралары барысында Шу вокзалының перронында 30 жастағы Алматы облысының тұрғыны ұсталып, оның сөмкесінде 12,5 келі марихуана табылды.


Сондай-ақ бөлімшенің кинологиялық орталығында жарылғыш заттарды іздейтін иттер бар.

Мысалы, Додди есімді неміс овчаркасы мен Арпа атты бельгиялық овчарка Аустралиядан әкелінді. Оларды екі инспектор оқытты, олар 2016 жылы Аустралияда кинологиялық орталықта жарылғыш заттарды іздеу бойынша біліктілік курстарынан өткен. Мұндай иттер тыйым салынған зат анықталған кезде, сақтық танытып, иесіне шартты белгі береді.

Бүгінгі таңда ҚР көлік полициясының кинологтары мен олардың төрт аяқты серіктері құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында еліміздің барлық әуе және теміржол вокзалдарын, перрондарды, сондай-ақ жүк бөліктерін, сақтау және күту бөлмелерін тексеріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру