Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі ПД-да Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Мерекелік іс-шара қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан қызметкерлерге арналған “Мәңгі ұмытылмас есімдер” ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Департамент басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ІІО-ның ардагерлері сұрапыл соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты іс-шараны көліктегі ПД бастығы Бақытжан Малыбаев құттықтау сөзімен ашты.

– Біз сұрапыл соғыста Отан үшін отқа түскен батырларымыздың өшпес рухы алдында әрдайым тағзым етеміз. Бүгінгідей бейбіт заманға аға буынның жанкешті ерлігі мен өр мінезінің арқасында қол жеткіздік. Ендігі жерде ел егемендігін сақтап қалу – біздің ортақ борышымыз. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері ел тыныштығын абыроймен күзетіп, Отан қорғаушыларымыз партиотизмнің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Айбынды армиямыздың даңқы арта берсін!Еліміздің еңсесі биік, болашағы жарқын болсын. Ұлық мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, отбасылық бақыт тілеймін, – деді Б. Малыбаев.

Бұдан соң көліктегі ПД ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов сөз сөйледі. Оның айтуынша, биыл департаментте Жеңістің 78 жылдығын 1 соғыс ардагері, 10 тыл еңбеккері және ҰОС-ның 8 ардагерінің әйелдері атап өтті. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Барлығына материалдық көмек көрсетілді.

Мәселен, 96 жастағы ҰОС-ның ардагері Иван Макеев Тараз қаласында тұрады. Иван Федорович 1944 жылы кеңес әскерінің қатарына шақырылған. 1951 жылға дейін жапон империалистеріне қарсы шайқасқа, Харбин мен Мукден қалаларын азат етуге қатысты. Ол “1941-1945 жж Ұлы Отан соғысы” ІІ дәрежелі ордені мен 20-дан астам медальдің иегері. 1953 жылы КСРО ІІМ Могилев арнайы көлік милициясы мектебіне оқуға түсіп, оны аяқтаған. 1955 жылы Жамбыл станциясындағы желілік полиция бөліміне қызметке келген. 1982 жылы И. Макеев еңбек демалысына шықса да, департаменттің ардагерлер ұйымының жұмысына белсене қатысты. Бүгін де Иван Федорович балалары, немерелері мен шөберелері үшін ең қымбат адам, ал әріптестері үшін ол әрқашан батыр әрі үлгі тұтар биік тұлға болып қала бермек.

Мерекелік іс-шарада 20 жас полиция қызметкері Отанға адал қызмет етуге ант қабылдады. Ал, қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 100-ге жуық көлік сақшысы ҚР ІІМ және Көліктегі ПД медальдарымен және грамоталарымен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру