Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктің 4 дөңгелегін жымқырып кеткен ер адамдар ұсталды

Түркістан облысының полицейлері көліктің төрт дөңгелегін жымқырып кеткен күдіктілерді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта қақпасының сыртында тұрған “ВАЗ-2114” маркалы автокөлігінің төрт бірдей дөңгелегін белгісіз біреулер жасырын жымқырып кеткен.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 80 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.
Ақпарат алысымен ұрлық болған мекенжайға бірден жедел-тергеу тобы жетті. Тұрғынның көлігін дөңгелексіз қалдырып, жеңіл жолмен пайда таппақ болған ұрыларды ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары қажетті шараларды іске асырды. Оқиға орнынан дәлелдерді жинақтап, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде осы ұрлыққа күдікті ретінде екі жігіт “ізін суытпай” екі сағат ішінде ұсталды. Күдіктілер жергілікті тұрғындар болып шықты.

Тергеу барысында ауылдың жігіттері көшеде ешкім жоқтығын пайдаланып, тұрғын-үйдің ауласының сыртында қараусыз тұрған көліктен дөңгелектерін шешіп алып, өз көліктерімен алып кеткені анықталды. Сондай-ақ күдіктілерден жасырып қойған дөңгелектер айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бас шаралары “қолхатта”. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде көлігінің дөңгелектерін жедел тауып берген полицейлерге тұрғын шынайы ризашылығын білдірді. Екі сағат ішінде ұрыларды ұстаған полицейлердің қырағылығына, кәсіби шеберлігіне үлкен рақметін айтты.

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындары мен қонақтарына, автокөлік салонында бағалы заттарды қалдырып кетпеуге және көлікті күзетілетін арнайы тұраққа қойып, дабыл жүйесін орнатуға кеңес береді. Қандай да бір ұрлықтың құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіздер. Сіздің тарапыңыздан уақытылы берілген мәлімет, қылмыстың ерте ашылуына оң ықпал етпек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру