Куәліксіз және тіркеусіз көлік: Семейде полиция екі жүргізушіні тоқтатты
Семей қаласында жол қозғалысын бақылау барысында полиция қызметкерлері Мұхамедханов көшесінде жол ережесін өрескел бұзған екі мотоцикл жүргізушісін анықтап, олардың әрекетіне тосқауыл қойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру нәтижесінде аталған көліктерде мемлекеттік тіркеу нөмірлері болмағаны, сондай-ақ жүргізушілердің көлік құралын басқаруға құқық беретін құжаттары (жүргізуші куәлігі) жоқ екені белгілі болды. Атап айтқанда SUZUKI мотоциклі 19 жастағы азаматқа, ал SAMURAI мотоциклі 21 жастағы азаматқа тиесілі.
Қауіпсіздік мақсатында екі көлік те арнайы айып тұрағына жеткізілді. Осылайша жол-көлік оқиғасының алдын алу шаралары қабылданды.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Негізгі басымдық – алдын алу жұмыстары арқылы жол апаттарының санын азайтып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Осыған байланысты полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көліктерді заңды түрде тіркеуге және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқармауға шақырады.
