Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Күннен қорғайтын көзілдіріктің 15 данасын ұрлап кеткен ер адам ұсталды

Алматы облысында күн көзілдірігінің 15 данасын ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Таяуда Іле ауданының полициясына 27 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, Түймебай ауылындағы сауда кешендерінің біріндегі бутиктің есігін белгісіз біреулер бұзып, мүліктерді ұрлап кеткені туралы арызданған. Ұрылар ұялы телефон аксессуарлары мен 15 жұп көзілдірікті қолды қылған.

– Із кесушілер қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларды тексеріп, күдікке ілінген Жамбыл облысы Тараз қаласының 32 жастағы тұрғынының ізіне түсті. Дәлелдемелер базасын жинап, күдіктінің мекенжайын анықтап, жедел уәкілдер Тараз қаласынан күдіктіні ұстады. Ұсталған азамат қылмысын бірден мойындап, ұрлаған заттардың бір бөлігін тәртіп сақшыларына табыстады. Қылмысты өзге қаланың тұрғыны жасағандықтан, оны ашу үшін белгілі бір уақыт қажет болды. Дегенмен, қызметкерлердің тынымсыз әрі тыңғылықты жұмысы сәтті аяқталды, – деді Іле аудандық Полиция бөлімінің бастығы Марат Күштібаев.

Күдікті 20 қыркүйек күні оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалғанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Келтірілген материалдық шығындарды өтеу шаралары қабылдануда. Жәбірленуші полицейлерге кәсіби қызметтері үшін алғыс айтты.

Ұрлық дерегі ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша тергелуде. Күдікті азаматқа сонша күн көзілдірігі не үшін қажет болғаны тергеу барысында анықталатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру