Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Күштік құрылымдар арасында волейболдан турнир басталды

Ішкі істер министрлігінің “Алатау” спорт сарайында күштік құрылымдар арасында волейболдан турнир басталды. Спорттық сайыс көктемгі мерекелер аясында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тартысты турнирге жалпы 11 команда қатысуда. Олар Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерімен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметінің және тағы да басқа арнайы құрылымдардың намысын қорғауда. Бәсекеде бақтарын сынауға келген сайыпқырандарға ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сәттілік тіледі.

“Құрметті жарысқа қатысушылар және құрметті қонақтар! Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында өтіп жатқан волейбол турниріне қош келдіңіздер! Бүгінгі біздің жарысымыз әділ және қызықты болсын. Қатысушыларға сабырлық пен шыдамдылық, іскерлік пен сәттілік тілеймін. “Күш атасын танымайды” дегендей ең мықты команда жеңіске жетсін!”, – деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Жүлдеден дәмелі командалардың қарқыны да қарымды. Тек жарыс барысында бабы мен бағы қатар келсе болғаны. Тұғырдан көрінуден үміттілер дайындықтарының жақсы болғанын жеткізді.

“Жалпы айтатын болсам, бұл ойынға бір ай бұрын дайындалып бастадық. Енді өте жақсы ойындарды көрсетуге тырысамыз. Қалған барша командаларға сәттілік тілеймін! Жарақат болмасын деп ойлаймын”, – деді Ұлттық ұлан құрама командасының мүшесі Азизжан Мамажанов.

Мықтылардың басын қосқан бұл доданың жүйріктері алдағы уақытта анықталатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру